Илья Ильин әлем чемпионатына қатыспайтын болды

О Сансызбай Корреспондент
Илья Ильин әлем чемпионатына қатыспайтын болды
Фото ©️ Reuters©

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин 1 қараша күні Түрікменстан елінің астанасы Ашхабадта басталатын әлем чемпионатына қатыспайтын болды. Бұл туралы SportX.kz сайтына берген сұқбатында хабарлады.

БӨЛІСУ

Допинг дауынан кейін спортқа оралған ауыр атлет биылғы ел чемпионатында топ жарды. Кейіннен әлем чемпионатына баратын құрама тізіміне енді. Бірақ Ильин денсаулығына байланысты жарысқа қатыспайтын болды.

- Әлем чемпионатына қатыспайтынымды Қазақстан халқына айту үшін ұзақ ойландым. Ақыры осы бір сәтті пайдалана отырып айтуға тура келді. Омыртқамдағы жарақатыма байланысты әлем чемпионатына қатыспайтын болдым. Айтарлықтай жарақат деуге болады.

Шынымды айтсам, алдағы спорттық мансабымды жалғастырудың өзі қиындау болып тұр. Бұған енді қатты қайғырудың қажеті жоқ, былайша бәрі жақсы. Ашхабадқа жаттықтырушы болып барамын. Тұғырға Нижат Рахымовты алып шығамын. Себебі біз бір жыл бірге жаттықтық. Зульфия Чиншанломен де. Командадағы жаттықтырушыларға көмектесемін. Бір сөзбен айтқанда, әлем чемпионатына қатысатын жаттықтырушы болып барамын, - деді спортшы сұқбатында.

Айта кетейік, Илья Ильин әлем чемпионатында төрт рет топ жарған қазақстандық ауыр атлет. Алғаш рет 2005 жылы жеңімпаз атанды. Кейіннен 2006, 2011 және 2014 жылдары отандасымызға тең келер қарсылас табылған жоқ.

2016 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы допинг дауына байланысты қазақстандық ауыр атлетті 2008 және 2012 жылғы Олимпиада чемпионы атағынан айырды. Сондай-ақ 2 жыл спорттан шеттеткен болатын.

Биылғы әлем чемпионаты 1-10 қараша аралығында өтеді. Түрікменстан елінің астанасында 16 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын болады. Сондай-ақ жарыс IWF атқарушы комитеті шілде айында өзгерткен ереже бойынша жаңа салмақ дәрежелерінде өтеді.