GGG командасындағы қазақстандық кәсіпқой боксшы салмақ өлшеуден сәтті өтті

О Сансызбай Корреспондент
GGG командасындағы қазақстандық кәсіпқой боксшы салмақ өлшеуден сәтті өтті
Фото ©️ Геннадий GGG Головкин (vk.com)

Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Али Ахмедов чемпиондық белбеу сарапқа салынатын жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті.

БӨЛІСУ

Жастар арасында WBC чемпиондық атағына ие отандасымыз 11 қазан күні (Астана уақытымен 12 қазан таңда) Коста-Месада (Калифорния штаты, АҚШ) мексикалық боксшы Джовани Хавьер Гомеспен (17-14, 11 КО) қолғап түйістіреді.

Қарсыласымен болатын жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған. Мексикалық боксшы кәсіпқой бокста аса жоғары жетістікке жетпеген. 2007 жылдан бері 31 кездесу өткізген. 17 жекпе-жекте қарсыласын жеңіп, 14 кездесуінде жеңілген.

Али Ахмедов соңғы рет 8 тамыз күні Голливудта өткен "Hollywood Fight Nights 2" бокс кешінің басты кездесуінде америкалық Хорхе Эскалантені төртінші раундта нокаутпен жеңген еді. Бұл жекпе-жекке қазақстандық боксшыны Абель Санчес пен Головкиннің егізі Максим алып шыққан болатын. Кейіннен боксшы Гена негізін қалаған GGG Promotions промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойғанын хабарлаған еді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Геннадий Головкиннің промоутерлік компаниясында Али Ахмедов пен Руслан Мәдиев бар. GGG Алматыға келген сапарында екі боксшының да дайындығы мен тәжірибесін жоғары бағалаған болатын. Сондай-ақ отандасымыз қазақстандық боксшылардың кәсіпқой шаршы алаңға шығуына жағдай жасамақ.