Месси ФИФА-ның үздік үштігіне енбесе де марапаттау рәсіміне барады

Месси ФИФА-ның үздік үштігіне енбесе де  марапаттау рәсіміне барады
Фото: sputniknews.kz

Халықаралық футбол одақтары қауымдастығы (ФИФА) 2018 жылдың ең үздік футболшысына берілетін The Best марапатына үміткер 3 футболшының тізімін жариялағанын жазған едік. Бұл қатарға әлемдегі ең қымбат ойыншылардың бірі, "Барселона" клубы мен Аргентина ұлттық құрамасы капитаны Лионель Месси енбей қалған болса да марапаттау рәсіміне барады.

"TheBest FIFA Men's Player Award" сыйлығына үміткерлер: Криштиану Роналду ("РеалМадрид", "Ювентус"/Португалия) Лука Модрич ("Реал Мадрид"/Хорватия) Мохаммед Салах ("Ливерпуль"/Мысыр). 

Месси 2006 жылдан бері алғаш рет үміткерлер арасына табылмай отыр. Бірақ ол жылдың ең үздік командасы сапынан орын алуы және жылдың ең үздік голы жүлдесін иелену мүмкіндігі бар. Мессидің әлем чемпионатындағы Нигерия қақпасына соққан голы үміткерлер арасында бар. 

Жеңімпаздар 24 қыркүйек күні Лондонда өтетін "The Best FIFA Football Awards" кешінде анықталады. Айта кетейік, "France Football" журналы 2016 жылдан бастап Халықаралық футбол қауымдастықтары одағымен (ФИФА) келісімін үзген болатын. Нәтижесінде басылым "Алтын доп" иегерін өздері анықтаса, ФИФА "The best" сыйлығын табыстауды қолға алған еді.

Т. Раушанұлы