Тибо Куртуа – "Реал Мадрид" ойыншысы

Тибо Куртуа – "Реал Мадрид" ойыншысы
Фото: realmadrid.com

Лондондық "Челси" және Бельгия құрамасының қақпашысы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Тибо Куртуа испанияның "Реал Мадрид" командасына ауысты. Бұл туралы "Реал Мадрид" клубының ресми сайты хабарлады.

Таяу арада Тибо "Реал" клубына келіп, медициналық тексерістен өтеді және алты жылдық келісімге қол қояды. Транфесфердің құны жарияланған жоқ. Бірақ шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Реал Мадрид" бельгиялық қақпашы үшін "Челси" клубына 35 миллион еуро төлеген. Куртуа испаниялық клубтан жылына 7 миллион еуро алады. 

Бұдан бұрын белгілі болғандай Тибоның жанұясы Испания астанасында тұрғандықтан "Реал" клубына өтуді қалаған. Қақпашының өзі королдік клубқа өту үшін "Челси" командасының жаңа маусымындағы жаттығуларына бармай, байкот жариялаған. 

26 жастағы Тибо Куртуа Бельгия құрамасында 2018 жылғы әлем чемпионатында жеті матч ойнап, алты гол жіберіп, 27 сейв жасады. Әлем чемпионатында ең үздік қақпашыға берілетін алтын қолғаптың иесі атанды. Осыған дейін бельгиялық қақпашы 2012-2013, 2013-2014 жылдардағы Ла-лиганың ең үздік қақпашысы, 2013-14 жылдағы Чемпиондар Лигасының үздік қақпашысы, 2016-17 жылы Премьер-лиганың үздік қақпашысы атанған.

Т. Раушанұлы