Роналду ресми түрде "Ювентуске" ауысты

Роналду ресми түрде "Ювентуске" ауысты
Фото: juventus.com

Әйгілі португалдық футболшы Криштиану Роналду Мадридтің "Реалынан" Туриннің "Ювентус" клубына ауысты. Бұл туралы италиялық ұжымның ресми сайты хабарлады.

Бірер сағат бұрын "корольдік клуб" Роналдумен қош айтысқан болатын. 9 жыл ойнаған футболшыға алғысын білдіріп, алдағы спорттық мансабына сәттілік тілеген-ді.

Португалдық сұрмерген "Ювентус" командасымен төртжылдық келісімшартқа қол қойған. Жылына 30 миллион еуро көлемінде еңбекақы алады.

"Ювентус" футболшының трансферлік құнына 100 миллион еуро шығындаған. Оны корольдік клубқа 2 жыл ішінде төлейтін болады. Сондай-ақ тағы бұрынғы командасына 12 миллион еуро береді.

Айта кетейік, Криштиану Роналду "Реал" футбол клубы сапында 438 ойынға қатысып, 451 гол соғып, команда тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды.

Н. Үсенова