"Реал" Роналдумен қош айтысты

"Реал" Роналдумен қош айтысты
Фото: vk.com

Мадридтің "Реал" футбол клубы Криштиану Роналдудың командадан кеткенін хабарлады. Сондай-ақ футболшының "Ювентустегі" спорттық мансабына сәттілік тіледі.

Туриндік клуб футболшыны қатарларына қосқанын ресми түрде хабарлаған жоқ. Дегенмен португалдық футболшының италиялық командаға ауысатыны күмәнсіз секілді.

Криштиану Роналду корольдік клуб сапында 9 жыл ойнады. Команданың нағыз көшбасшыларының бірі болды. Клуб ресми сайтында футболшыға алғысын білдірді.

- Роналду Ювентуске ауысуға келісті. Клуб және әлем футболы тарихында айрықша ойынымен көзге түскен футболшыға зор алғыс білдіреміз. Команда сапындағы жүлделерден өзге нағыз талант пен еңбектің нәтижесін көрсетіп, үлгі болды.

"Реал" футбол клубы сапында 438 ойынға қатысып, 451 гол соғып, команда тарихындағы ең үздік сұрмерген атанды. 16 бірдей чемпиондық атаққа ие болды. Жекелей талай марапаттарды иеленді.

"Реал Мадрид" әр кез үйің болып қала береді, - деген ресми хабарламада.

Н. Үсенова