Қазақстан қысқы Паралимпиадада 20-орын алды

Қазақстан қысқы Паралимпиадада 20-орын алды
Фото: Atameken Business Channel

Пхенчхандағы ХІІ қысқы Паралимпиада ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 1 алтын медальмен жалпы есепте үздік 20 құраманың қатарынан көрінді.

Бүгін 4х2,5 шақырымдық шаңғышылар сайысы бойынша жүлделер сарапқа салынды. Қазақстандық паралимпиадашылар 6-орыннан көрінді.

Жабылу салтанаты өтіп, ресми ту 2022 жылы Бейжіңде өтетін жарыс ұйымдастырушыларына табысталды.

Пхенчхандағы Паралимпиада ойындарына барлығы 48 елден 567 паралимиадашы қатысты. 6 спорт түрі бойынша 80 медальдар жиынтығы сарапқа салынды.

Қазақстан құрамасының қоржынына түскен тарихи алтын медальды шаңғышы Александр Колядин жеңіп алды. Ол 14 наурыз күні 1,5 шақырымдық классикалық спринтте үздік шықты. Сондай-ақ 12 наурызда қазақстандық шаңғышы Александр Герлиц 20 шақырым қашықтықты еркін стильде жүріп өтуде 4-орын алды. Үздік жетілікке енген паралимпиадашылар мемлекет тарапынан сыйақы алатын болады.

Қазақстан мен Қытай құрамалары 1 алтын медальмен 20-орыннан көрінді. Ал жалпы есепте АҚШ құрамасы бірінші орынды иеленді. Олар 13 алтын 15 күміс 8 қола медаль еншілеген. ХОК туы астында жарысқа қатысқан ресейлік паралимпиадашылар 8 алтын 10 күміс 16 қола медальмен екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті 8 алтын 4 күміс 16 қола алған канадалық паралимпиадашылар түйіндеді.

Айта кетейік, Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 1 қола медаль алып, жалпы есепте 28-орын алған еді. 

Ө. Сансызбай