Қазақстаннан Паралимпиада ойындарына 6 спортшы қатысады

Қазақстаннан Паралимпиада ойындарына 6 спортшы қатысады
Фото: inform.kz

9-18 наурыз аралығында Пхенчханда қысқы Паралимпиада ойындары өтеді. Бұл жарысқа қазақстандық спортшылар да қатысады.

Паралимпиада ойындары (параолимпиада ойындары) — мүгедектер (естуі бойынша мүгедектерден басқа) үшін арналған халықаралық спорттық жарыс. Дәстүр бойынша басты Олимпиада ойындарынан кейін өткізіледі. 1992 жылдан бастап Олимпиада ойындары өткізілген қалада Паралимпиада ойындары да ұйымдастырылатын болды. 2001 жылы бұл ереже ХОК және Халықаралық паралимпиада комитеті (ХПК) арасындағы келісімшартпен бекітілді. Негізінен жазғы Паралимпиада ойындары 1960 жылдан, ал қысқы Паралимпиада ойындары 1976 жылдан бастап өткізіледі.

Пхенчхандағы қысқы Паралимпиада ойындарында тау шаңғы спорты, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, сноуборд және керлинг спорты бойынша жүлделер сарапқа салынады. Шамамен 670-ке жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан 6 спортшы қатысады. Бұл қысқы Паралимпиада ойындарындағы еліміздің атынан ең көп спортшылар бара жатқан аламан болмақ. Бүгін Алматы облысындағы "Алатау" шаңғы-биатлон кешенінде спортшыларды шығарып салу рәсімі өтті.

Пхенчхандағы жарысқа Қазақстан құрамасы сапында Қайрат Қанафин (шаңғы және биатлон), Александр Герлиц (шаңғы және биатлон), Сергей Усольцев (шаңғы және биатлон), Денис Петренко (шаңғы), Жаңыл Балтабаева (шаңғы) және Александр Колядин (шаңғы) барады. Олар Паралимпиада алдында Германия мен Ресейде екі рет оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соңғы дайындықтарын Талғарда пысықтады.

Ө. Сансызбай