Асланбек Шымбергенов екінші жыл қатарынан WSB жобасының үздік боксшысы атанды

Асланбек Шымбергенов екінші жыл қатарынан WSB жобасының үздік боксшысы атанды
Фото: astanaarlans.kz

Азия бокс Конфедерациясы 2017 жылды қорытындылап, "Best of the Asians 2017" жобасы аясында 14 аталым бойынша жыл үздіктерін анықтады. Олардың қатарында қазақстандық боксшылар да бар.

Конфедерация жыл үздіктерін әлеуметтік желілердегі парақшаларында сауалнама жүргізу арқылы анықтаған.

- Азиялық бокс жанкүйерлері 10 күн бойы әлеуметтік желіде өз фавориттерін атады. Биыл Үндістан, Қазақстан, Өзбекстан, Жапония сияқты елдердің «электоралдық» белсенділігін ерекше атап көрсетер едік. Жаңадан «Азия бокс конфедерациясының президентінің таңдауы» аталымын енгіздік. Оған Ауғанстан бокс федерациясы лайық деп танылды. Экономикалық және саяси ахуалдың нашар болуына қарамастан, федерация Ауғанстанда боксты дамытуға көп күш салып жатыр. Мұны Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (АИБА) вице-президенті Серік Қонақбаев та атап өтті, - дейді Конфедерацияның атқарушы директоры Бағдәулет Төреханов.

2017 жыл қорытындысы бойынша Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) үздік боксшысы болып Асланбек Шымбергенов танылды. Отандасымыз өткен жылы да үздік шыққан еді.

Ерлер арасында Азияның үздік боксшысы марапатына өзбекстандық Шахрам Гиясов ие болды. 69 кг-ға дейінгі салмақта Рио Олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновпен жұдырықтасқан өзбек боксшысы жақын күндері кәсіпқой боксқа ауыспақ. Өткен жылы бұл марапатқа Данияр ие болған еді.

Қыздар арасында Азияның үздік боксшысы болып Мәдина Нұршаева танылды. Қазақстандық боксшы қыз осы жылы Азия чемпионы атанды. Польшада өткен халықаралық турнирде топ жарды.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы боксшы қыздар арасында да қазақстандықтар үздік шықты. Осы жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған Арайлым Бекділдә (81 кг) мен жасөспірімдер арасында Ұлттар кубогында топ жарған Жәмилә Болат үздіктер қатарынан көрінді. Ал Азияның үздік супервайзері марапатын Аслан Игібаев иеленді.

2017 жылғы Азияның үздіктері:

1. Үздік боксшы  Шахрам Гиясов (Өзбекстан, 69 кг)

2. Үздік боксшы Мәдина Нұршаева (Қазақстан, 64 кг)

3. Үздік боксшы (жастар) - Сачин Сиваш Сингх (Үндістан, 49 кг)

4. Үздік боксшы (жастар) - Арайлым Бегділда (Қазақстан, 81 кг)

5. Үздік боксшы (жасөспірімдер) - Сора Танака (Жапония, 66 кг)

6. Үздік боксшы (жасөспірімдер) - Жәмила Болат (Қазақстан, 66 кг)

7. Үздік боксшы WSB - Асланбек Шымбергенов (Қазақстан, 69 кг)

8. Жыл жаңалығы - Хусейн әл-Масри (Сирия, 49 кг)

9. Үздік жаттықтырушы - Хирокуни Мото (Жапония)

10. Үздік супервайзер - Аслан Игібаев (Қазақстан)

11. Үздік халықаралық техник делегат (ITO) - Ленни  Д'Гама (Үндістан)

12. Үздік төреші - Нэлка Широмала (Шри-Ланка)

13. Үздік федерация - Өзбекстан бокс федерациясы

14. Азия бокс конфедерациясы президентінің таңдауы - Ауғанстан бокс федерациясы.

Айта кетейік, Азия бокс Конфедерациясы 2012 жылдан бері жыл үздіктерін анықтап келеді.

Ө. Сансызбай