Сергей Ковалев Вячеслав Шабранскийді нокаутқа түсірді

Сергей Ковалев Вячеслав Шабранскийді нокаутқа түсірді
Фото: HBO Boxing

Ресейлік кәсіпқой боксшы Сергей Ковалев жартылай ауыр салмақта WBO чемпиондық атағын жеңіп алды. Нью-Йоркте өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде украиналық боксшы Вячеслав Шабранскийді екінші раундта нокаутпен жеңді.

Он екі раундқа жоспарланған жекпе-жек екінші раунд соңына жетпей-ақ аяқталды. Бірінші раундта Вячеслав екі рет нокдаун алса, екінші раундта тағы бір нокдаун алғаннан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Сергей Ковалев соңғы екі жекпе-жегінде америкалық Андре Уордтан жеңілген еді. Бірінші кездесуінде төрешілер шешімімен, екіншісінде сегізінде раундта нокаутқа түскен болатын. Ал Андре Уорд осы бір жеңісінен кейін спорттағы мансабын аяқтаған-ды.

Айта кетейік, Сергей Ковалев пен Вячеслав Шабранский арасындағы жекпе-жектің андеркартында отандасымыз Мейірім Нұрсұлтанов та шаршы алаңға шыққан еді. Жеңіліп көрмеген америкалық боксшы Эрик Мурды екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Ө. Сансызбай