Мейірім Нұрсұлтанов жеңіліп көрмеген америкалық боксшыны нокаутпен жеңді

Мейірім Нұрсұлтанов жеңіліп көрмеген америкалық боксшыны нокаутпен жеңді
Фото: vk.com

Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақ кәсіпқой боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов Нью-Йоркте кезекті жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз ресейлік Сергей Ковалев пен украиналық Вячеслав Шабранский арасындағы кездесудің андеркартында америкалық боксшы Эрик Мунды нокаутпен жеңді.

Мейірім мен Эрик арасындағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған болатын. Алайда алғашқы сәттерден-ақ бірден шабуылға шыққан қазақстандық боксшының қарқынына америкалық төтеп бере алмады. Нәтижесінде екінші раундта Мейірім техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Эрик Мун осыған дейін жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Спорттық мансабында алғаш рет жеңіліс тапты. Ал Мейірім кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісін тойлады. Осыған дейінгі төрт кездесуінде де қарсыластарына мықтылығын мойындатқан.

Жекпе-жек соңынан боксшы Massaget.kz сайтының Нью-Йорктегі тілшісі Жолдас Өрісбайға кездесу қарсыласы, осы айқасқа дайындығы жайлы айта кетті. 

- Қазан айында келгеннен дайындыққа кірісе кеттім. Қарсыласым қарымды болатын. Осыған дейінгі жекпе-жектерінің барлығында жеңген. Жаттықтырушыларым байқап жұдырықтас деп ескертті. Солардың ақыл-кеңесін тыңдап, жеңіске жетіп отырмын. Шынымды айтсам, бұлай жылдам аяқталады деп күтпедім. Бұл - бокс. 

Алдағы уақытта менеджерлермен, промоушнмен сөйлесіп, келесі жекпе-жектің жолын қарастырамыз. Келесі жылдан бастап 8 раундтық жекпе-жектерге шығу жоспарда бар, - деді боксшы. 

Ө. Сансызбай