«Қайрат» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті (видео)

«Қайрат» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті (видео)
Фото: massaget.kz

Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» сырт алаңда «Алашкертке» есе жіберді. Десе де қос ойын қорытындысы бойынша қазақстандық клуб үшінші кезеңге өтті.

Ереванда өткен ойында бірінші болып алаң иелері есеп ашты. 28 минутта Арарат Аракелянның айып соққысынан тепкен добын «Қайрат» қақпашысы Владимир Плотников қайтара алмады. Бірінші тайм аяқталар тұста «Алашкерт» қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланған Жерар Гоу таразы басын теңестіре білді. Нәтижесінде алматылық клубтың еурокубок ойындарындағы үздік сұрмергені атанды.

Екінші таймда Жерар Гоу мен Сито Риера «Қайратты» алға шығаруға берілген бірнеше мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Алаң иелері де қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. Соңғы минутта сылбырлық танытқан «Қайрат» ойыншыларының қателігін Араужо Дос Сантос сәтті пайдаланып, «Алашкертке» жеңіс сыйлады.

Естеріңізде болса, «Қайрат» бірінші ойында қарсыластарын Алматыда 3:0 есебімен ойсырата жеңген еді. Қос ойын қорытындысы бойынша отандастарымыз 4:2 нәтижесімен үшінші кезеңге өтті. Қарымта ойында «Қайраттың» жеңілуі келесі кезеңге шығуына кедергі болмағанмен, Қазақстанның УЕФА коэфициенттер рейтингіндегі нәтижесіне ұпай қоспады.

«Қайрат» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Шотландияның «Абердин» клубымен кездеседі. Қос ұжым арасындағы бірінші ойын 30 шілдеде өтсе, қарымта кездесу 6 тамызға жоспарланған.  

Ө. Сансызбай