«Қайрат» пен «Астана» ел чемпионатын жеңіспен бастады (видео)

«Қайрат» пен «Астана» ел чемпионатын жеңіспен бастады (видео)

Футболдан ел премьер-лигасының жаңа маусымы басталды. Өткен жылы басты жүлдеге таласқан «Қайрат» пен «Астана» бірінші турды жоғары қарқынмен бастады.

Ел чемпионатының шымылдығы түрілген жаңа маусымның бірінші голын шымкенттік «Ордабасы» ойыншысы Иван Божич соқты. Ал барлық 6 ойында 10 гол соғылды.

Қызылордада «Қайсар» Талдықорғанның «Жетісуімен» тең тарқасты. Ойында есеп ашылмады. Дәл осындай нәтиже Таразда  өткен кездесуде де тіркелді. Жергілікті «Тараз» қарағандылық «Шахтерды» қабылдап, бір-бір ұпайдан еншіледі.

Шымкентте өткен «Ордабасы» мен «Ертіс» арасындағы ойында да тең есеп тіркелді. Алаң иелері бірінші болып есеп ашқанмен, бірінші тайм аяқталар тұста павлодарлық клубтың сапынан Алан Гатагов таразы басын теңестірді. Қайшылай тепкен добы – бірінші турдағы ең әдемі голдардың бірі болды. Айта кетейік, бұл ойында гол соққан Иван Божич (Хорватия) пен Алан Гатагов (Ресей) та осы маусымда қазақстандық клубтарға ауысып келген легионерлер. Сонымен қатар, шымкенттік клубтың бас бапкері Виктор Кумыков бас қазы Марат Ысқақовтың кей шешімдерімен келіспейтінін де жеткізді. Мәселен, соңғы минуттарда Дәуренбек Тәжімбетовтың соққан голы бір қарағанда офсайд болмағандай көрінген. Бұл жағдай ҚФФ қаралымында талқыланатын болады.

«Ақтөбе» өз алаңында «Атыраумен» тең ойнады. Ақтөбедегі №8 мектептің алаңында өткен кездесуде 1:1 есебі тіркелді. Бірінші тайм аяқталар тұста Мақсат Байжанов «Атырауды» алға шығарды. 57 минутта «Ақтөбе» сапынан Абат Айымбетовты алмастырған Дидар Жалмұқан командасын жеңілістен құтқарып қалды.

2014 жылғы ел чемпионы «Астана» бірінші турды жеңіспен бастады. Премьер-лигаға оралған «Оқжетпес» тосын сый жасай алмады. Рохер Каньяс пен Патрик Твумасидың соққан голдары елордалық ұжымға үш ұпай сыйлады. Ал ойын соңында күтпеген оқиға орын алды. «Астана» клубының ойыншылары Георгий Жуков пен Дмитрий Шомко сөзге келіп, соңы төбелеске ұласты. Араға бас қазы мен ойыншылар араласып, футболшыларды сабырға шақырған. Алматылық төреші Александр Алиев спортқа тән тәртіптен аттаған Дмитрий Шомконы қызыл қағазбен жазалады. Енді клубтың қорғаушысы алдағы бірнеше ойынға қатыспайтын болады.

Бірінші турдағы тартысты кездесулердің бірі Алматының орталық стадионында өтті. Қостанайдың «Тобылы» мен «Қайрат» арасындағы ойынға 7000-ға жуық жанкүйер жиналды. Бұл – бірінші турда ең көп жанкүйерлер келген ойын. Ал бірінші турдағы 6 ойынды қоса есептегенде барлығы 18 500 жанкүйер жиналған. 2014 жылы бірінші тур ойындарына барлығы 27 200 жанкүйер жиналған болатын.

Алматыда өткен ойынның басты қаһарманы – Жерар Гоу болды. Ол бірінші турда хет-трик орындап, бірден үздік сұрмергендер көшін бастады. Бір голды пенальтиден орындады. Ал кездесуде 4:0 есебі тіркелді. Бір голды Бауыржан Исламхан (пенальти) өз еншісіне жазды. 78 минутта Зауырбек Плиев қызыл қағаз алып, ойыннан шеттетілді. Енді ойыншы команданың бірнеше кездесуіне қатыспайтын болады.

Айта кетейік, 2015 жылғы ел біріншілігінің алғашқы үш турын алты клуб өз стадиондарында қабылдай алмайды. Олар – «Атырау», «Оқжетпес», «Тараз», «Қайсар», «Шахтер» және «Ақтөбе» футбол клубтары. 

Сондықтан да Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы бұл клубтарға ел біріншілігінің алғашқы үш турындағы ойындарын қосалқы стадионда өткізуге рұқсат берген-ді.

Енді «Атырау» клубы өз алаңдарындағы кездесулерді «Судоремонтник» стадионында өткізсе, Көкшетаудың «Оқжетпесі» елордада, «Астана Арена» стадионында өткізеді. Ал, «Тараз» клубы «Ұлан» стадионында, «Ақтөбе» ұжымы №8 футбол мектебінің алаңында, «Қайсар» «Локомотив» стадионында, «Шахтер» Теміртауда «Металлург» стадионында өз алаңындағы ойындарды қабылдайтын болады.

Ел премьер-лигасының ІІ тур ойындары 11 наурыз күні өтеді. Алматының «Қайраты» «Ақтөбеде» қонақта болса, «Ертіс» өз алаңында «Астананы» қабылдайды. «Шахтер» - «Ордабасы» кездесуі Теміртауда өтсе, «Тараз» түзде «Атыраумен» кездеседі. Көкшетаудың «Оқжетпесі» елордада «Қайсармен» үш ұпайды сарапқа салса, «Жетісу» өз алаңында «Тобылды» қабылдайды.

р/с  Клубтар Ойын
өткізді
Жеңіске
жетті
Тең
түсті
Жеңіліп
қалды
Доп
айырмасы
Жалпы
ұпайы
1    «Қайрат» (Алматы) 1 1 0 0 4-0 3
2    «Астана» 1 1 0 0 2-0 3
3    «Атырау» 1 0 1 0 1-1 1
4    «Ертіс» (Павлодар) 1 0 1 0 1-1 1
5    «Ақтөбе» 1 0 1 0 1-1 1
6    «Ордабасы» (Шымкент) 1 0 1 0 1-1 1
7    «Қайсар» (Қызылорда) 1 0 1 0 0-0 1
8    «Тараз» 1 0 1 0 0-0 1
9    «Шахтер» (Қарағанды) 1 0 1 0 0-0 1
10    «Жетісу» (Талдықорған) 1 0 1 0 0-0 1
11    «Оқжетпес» (Көкшетау) 1 0 0 1 0-2 0
12    «Тобыл» (Қостанай) 1 0 0 1 0-4 0

Сурет: fc-tobol.kz, vk.com

Оқи отырыңыз

«Астана - Cуперкубок иегері! (видео)

Қазақстан құрамасының ФИФА рейтингіндегі нәтижесі өзгермеді

Қазақстанның ФИФА рейтингіндегі көрсеткіші қашан түзеледі?

Футболдан ел премьер-лигасының 2015 жылғы күнтізбесі жарияланды

Ө. Сансызбай