Денис Тен әлем чемпионатынан кейін мұздағы шоу жобасын өткізеді

Денис Тен әлем чемпионатынан кейін мұздағы шоу жобасын өткізеді

Мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, жақында ғана Сеулде өткен «төрт құрлық чемпионатында» жеңімпаз атанған отандасымыз Денис Тен 2015 жылы да мұздағы шоу жобасын жалғастыруды жоспарлап отыр. Ол "мұндай шоу өткізуді бұдан былай жыл сайынғы дәстүрге айналдырамын" - деп 2013 жылы уәде берген еді.

Қазақстандық спортшы 2015 жылы да мұздағы шоу жобасын өткізетінін Астана қаласының спортты кәсіби дамыту әкімшілігі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен болған ынтымақтастық келісімшарты кезінде мәлімдеген. Денис Теннің айтуынша, биылғы шоуға да Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпиондары шақырылады.

- Мен үшін 2015 жыл сәтті басталды. Алда ірі жарыстар күтіп тұр. Ел үмітін ақтаймын деген сенімдемін. Қытайдың Шанхай қаласында өтетін әлем чемпионатына қойып отырған мақсатым жоғары. Одан кейін мұздағы шоу жобасын өткізу жоспарымда бар, - деген спортшы.

Денис Тен осы жоба арқылы қазақстандықтардың мәнерлеп сырғанау спортына қызығушылығын арттырып, жастарды спорттың осы түріне тартуды мақсат еткенін осыған дейін де айтқан еді. Сонымен қатар, танымал спортшыларға Қазақстанды, ал Қазақстан халқына мәнерлеп сырғанау спортындағы «майталмандарды» таныстырмақ. Әзірге, қай қалаларда ұйымдастыратыны туралы айтқан жоқ. 

Сонымен қатар, Денис Тен жапон елінің «Naver Matome» басылымы түзген әлемдегі ең сұлу мәнерлеп сырғанаушылардың ондығына енді. Отандасымыз тоғызыншы орынға жайғасқан.

Тізімнің бірінші сатысында мұздағы би бағдарламасында Тесса Виртпен жұптасып өнер көрсететін канадалық спортшы – Скотт Мойр орналасқан. Екінші орында түркиялық мәнерлеп сырғанаушы - Ильхан Маншиза. Үздік үштікті испаниялық спортшы Хавьер Фернандес түйіндеп тұр.

Бұл спортшылардан бөлек тізімге Максим Ставиский (Ресей), Сергей Воронов (Ресей), Томаш Вернер (Чехия), Филипп Канделоро (Франция), Николас Баклэнд (Ұлыбритания), Эндрю Поже (Канада) кіріпті.

Сурет:horde.me

Оқи отырыңыз

Денис Тен кім десеңіз...

Денис Тен өлең жазатынын айтты

Денис Тен алдына қандай жоспарлар қойып отыр?

Ө. Сансызбай