Денис Тен алдына қандай жоспарлар қойып отыр?

Денис Тен алдына қандай жоспарлар қойып отыр?

Алматыдағы «Mega» ойын-сауық орталығында бір топ жанкүйерлерімен кездесу өткізген Денис Тен алда қатысатын жарыстарының жоспарымен бөлісті.

- Өтіп бара жатқан жылдағы додалар мен үшін аса оңай болған жоқ. Кей жарыстарға сырқаттанып қалуыма байланысты қатыса алмадым. Есесіне, осы жылы спорттағы мансабымдағы ірі жетістіктеріме қол жеткіздім. Сочи Олимпиадасында қола жүлде еншіледім. Мұның барлығы менің жоспарымдағы дүниелер еді. Қазір маған қайта спорттық бабыма келу керек. Өйткені, бұл жыл жүйкеме де біраз салмақ түсіргені анық. Бұл жетістігіммен тоқтап қалмаймын. Қазақстандықтарды, барша жанкүйерлерімді, және отбасымды ірі жетістіктеріммен қуантуға бар күшімді саламын.

Сонымен қатар, алдағы қатысқалы отырған жарыстарын да айта кетті.

- Қараша айының соңында Францияда өтетін халықаралық турнирге қатысамын. Бұл жарыстың мен үшін маңызы жоғары болмақ. Ал жоспарымдағы басты додалар 2015 жылы өтеді. Оның бірі – ақпан айында корей жерінде өтетін «Төрт құрлықтың» кіл мықтылары бас қосатын дода болса, екіншісі – Шанхайда өтетін әлем чемпионаты. Бұл екі абыройлы жарыста жоғарғы көрсеткіш көрсетуім керек.

Денис Тен 2022 жылы Алматының қысқы Олимпиаданы өткізуге ниет білдіруі жайлы өз ойын білдірді.

- Мен шын жүректен Олимпиаданың біздің жерімізде өтуін қолдаймын. Бұл еліміздің әлемге танылуына үлкен септігін тигізер еді. Гүлденіп, дамуымызға жағдай жасайтыны анық. Олимпиада арқылы бәрі бізді танып қана қоймай, тарихта да қалар едік, - деді мәнерлеп сырғанаушы.

Айта кетейік, осыған дейін Денис Тенге «Азия Пром Ресорсез» компаниясы Алматыда салынып жатқан «Central Park Residence» тұрғын үй кешенінен пәтер сыйлағаны туралы хабарлаған едік. Біз де талантымен әлемді мойындатып келе жатқан спортшыға биік белестерден көріне бер деп тілек білдіреміз!

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай