Денис Тен төрт құрлықтың чемпионатында көш бастады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Денис Тен төрт құрлықтың чемпионатында көш бастады (видео)

Бүгін мәнерлеп сырғанаудан Оңтүстік Корея астанасы Сеулде төрт құрлықтың чемпионаты басталды. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша отандасымыз Денис Тен бірінші орынға шықты.

БӨЛІСУ

Төрт құрлықтың чемпионаты Оңтүстік Корея елінде бесінші рет өтіп отыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Додаға Америка, Азия, Африка және Австралия құрлығының спортшылары қатысуда. Еліміздің намысын қорғауға Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев аттанған болатын. Ал жұптық сайыста Ілияс Әли мен Карина Узурова өнер көрсетеді.

Бүгін спортшылар жарыстың қысқа бағдарламасында бағын сынады. Денис Тен ең соңғы болып өнер көрсетіп, 97,61 ұпаймен көш бастады. Екінші орынға жапон мәнерлеп сырғанаушысы Шомо Уно орналасқан. Ол отандасымыздан 8,71 ұпай кем жинады. Ал үштікті қытайлық Хан Ян қорытындылап тұр. Негізгі бағдарлама екі күннен кейін, нақтырақ айтсақ, 14 ақпанда өтеді.

Қысқа бағдарламада Абзал Рақымғалиев жоғары нәтиже көрсете алмады. 57,54 ұпаймен 19-шы орыннан көрініп, негізгі бағдарламада бақ сынауға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, Денис Тен төрт құрлықтың чемпионатына алтыншы рет қатысып отыр. 2009 жылы – 9-шы орын, 2010 жылы – 10-шы орын, 2012 жылы – 6-шы орын, 2013 жылы – 12-ші орыннан көрінген болатын. Ал 2014 жылы бұл жарысты 4-ші нәтижемен аяқтаған еді.

Сурет: instagram.com

Оқи отырыңыз

Денис Тен кім десеңіз...

Денис Тен өлең жазатынын айтты

Денис Тен алдына қандай жоспарлар қойып отыр?