Қазақстан құрамасы Ресеймен жолдастық кездесу өткізетін болды

Қазақстан құрамасы Ресеймен жолдастық кездесу өткізетін болды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты хабарлап отыр.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов ҚҚФ баспасөз қызметіне берген сұқбатында бұл матчты өткізу туралы өз пікірін білдіріпті.

- Ресей құрамасымен жолдастық матч өткізу – бұл тек қана футбол емес, біздің халықтар арасында тығыз байланыс бар екенін білдіретін оқиға. Ойынды өткізу туралы ой Санкт-Петербордағы «Достастық Кубогына» жасаған сапарымда пайда болды. Бұл Ресей Футбол одағының президенті Николай Толстых тарапынан жылы қабылданғанына қуаныштымын. Жеке алғыс айтқым келеді, - деген.

Қазақстан мен Ресей құрамалары арасындағы ойын 31 наурыз күні Мәскеуде өтеді. Әзірге қай стадионда болатыны белгісіз. Ал оған дейін Юрий Красножан жаттықтыратын отандастарымыз Түркияда Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізетін болады. Бұл ойын 18 ақпанға жоспарланған.

2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Юрий Красножан шәкірттері 28 наурыз күні Исландия құрамасын қабылдайды. Ал, Фабио Капелло баптайтын ресейлік футболшылар 27 наурыз күні сырт алаңда Черногория құрамасымен кездеседі.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей құрамалары осыған дейін бір рет жолдастық кездесу өткізген. 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі алдындағы ойында ресейліктер 6:0 есебімен жеңіске жеткен еді.  

Сурет: kff.kz

Оқи отырыңыз

Футболдан ел премьер-лигасының 2015 жылғы күнтізбесі жарияланды

Қазақстан жастар құрамасы Ресейді жеңе алмады

«Ордабасыдан» алты ойыншы Қазақстан құрамасына шақырту алды

Ө. Сансызбай