Лондонда «Kazsport» телеарнасының арнайы тілшісі жұмыс істей бастады

О Сансызбай Корреспондент
Лондонда «Kazsport» телеарнасының арнайы тілшісі жұмыс істей бастады

Қазақстандық «Kazsport» телеарнасының Ұлыбританияда (Лондонда) арнайы тілшісі жұмыс істей бастады. Отандық спорт телеарнасының журналисі Зарина Сейфуллин отандық көрерменге алдағы уақытта ағылшын футболы жайлы жылдам, сапалы әрі ерекше материалдар ұсынатын болады. Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Жуырда Ұлыбританияның танымал «Daily Mail» басылымында ағылшын премьер-лигасының ойындарын қазақстандық жанкүйерлердің қалай тамашалайтыны туралы мақаласы да жарық көрді, - деп хабарлады телеарнаның Лондондағы тілшісі.

Англия чемпионатының 23-ші турындағы «Челси» мен «Манчестер Сити» клубтары арасындағы басты ойын премьер-лигадағы шетелдік хабар таратушылардың (көрсетілімнің құқық иелері) саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Бұл ойынды әлемнің 24 компаниясы (телеарнасы) көрсеткен. Бұған дейінгі рекорд 19 телеарна әлемге таратқан «Манчестер Сити» мен «Манчестер Юнайтед» клубтарының арасындағы 2012 жылы өткен кездесуге тиесілі болған еді.

«Челси» мен «Манчестер Сити» кездесуін көрсеткен 24 компания арасында қазақстандық «Kazsport» телеарнасы да бар. «Біз ойындарды тек көрсетіп қана қоймай, барлық оқиғалардың ортасында болып, көрерменге ойын кезіндегі көңіл-күйді беруге тырысамыз», - дейді З.Сейфуллин.

- Ағылшын премьер-лигасы – футбол әлемінде ең қызықты да тартысты ұлттық чемпионаттардың бірі. Қазақстанда да өте танымал. Біздің елде «Челси», «Манчестер Юнайтед», «Арсенал», «Ливерпуль» және басқа да ағылшын клубтарының жанкүйерлері көп. Сол көрермендердің қалауы қабыл болып, қазіргі уақытта қазақстандықтар Англия премьер-лигасын отандық телеарнадан көре алады, - деп келтіреді «Kazsport» тілшісінің сөзін «Daily Mail» басылымы.

Естеріңізге сала кетейік, футбол жанкүйерлері 2014 жылдың тамызынан 2016 жылдың мамыр айына дейін «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарынан ағылшын премьер-лигасының тікелей көрсетілімін тамашалай алады.

Ағылшын премьер-лигасы көп жылдар бойы әлем бойынша барлық футбол чемпионаттарының ішінде көрермендердің басым бөлігіне ие. Әлемнің 200 мемлекетінде таратылады. Чемпионат ауқымы 600 миллион адамды құрайды.

Сурет: kazsporttv.kz

Оқи отырыңыз

«KazSport» комментаторы болуға асығыңыз!

Футболдан ел премьер-лигасы қашан басталады?

2015 жылы спорттық мансабын аяқтағалы жүрген футболшылар