2015 жылы спорттық мансабын аяқтағалы жүрген футболшылар

2015 жылы спорттық мансабын аяқтағалы жүрген футболшылар

Әлем футболында 2015 жылы спорттық мансабын аяқтағалы жүрген ойыншылар баршылық. Олардың алғашқылары жыл басында-ақ үлкен спорттан кеткенін мәлімдеп үлгерді.

2015 жылдың басында француз футболшысы Давид Трезеге бутсысын шегеге ілді. Ал бүгін әйгілі аргентиналық футболшы Хуан Роман Рикельме спорттық мансабын аяқтағанын хабарлады. Осы жылы мансабын аяқтайтын бұл екеуінен өзге ойыншылар да бар. Ендеше айта отырайық.

Антонио ди Натале

Италияның «Удинезе» командасында ойнап жүрген 37 жастағы ардагер футболшы маусым соңында мансабын аяқтайтынын хабарлады. Ол өткен жылы-ақ футболдан кетпек болған. Бірақ, әйгілі Роберто Баджо рекордын жаңартуға бел буған-ды.

Николя Анелька

Бұл футболшы 2013 жылы спорттық мансабын аяқтаған еді. Кейіннен бапкер болды. 35 жастағы ойыншы бұл күндері Азия мен «жасыл құрлықтан» барып ойнайтын ортаңқол команда іздеп жүр. Бір маусым бағын сынап, қайта футболдан кетпек.

Рио Фердинанд

Қазіргі таңда Англияның «Куинз Парк Рейнджерс» командасында өнер көрсетіп жүрген 36 жастағы футболшы осы маусым аяқталысымен спорттық мансабын аяқтайтынын хабарлап қойды. Одан кейін спорт сарапшысы немесе бапкер болуды жоспарлап жүр екен.

Рикарду Карвалью

2013 жылдан бері «Монако» командасында ойнап келе жатқан португалдық ойыншы да осы маусым соңынан кейін мансабын аяқтамақ. 36 жастағы ойыншы да алдағы уақытта бапкер болуды армандайтын көрінеді.

Алессандро Неста

38 жастағы футболшы спорттық мансабын аяқтап барып, қайта жалғастырды. 2014 жылы Үнді елінің «Ченнай Титанс» командасының ұсынысын кері қайтармай, футболға қайта оралды. Осы жылы қайта қоштаспақ.

Брэд Фридель

43 жастағы ағылшындық «Тоттенхэм» командасының қақпашысы мансабын аяқтауға асығар емес. Баспасөз құралдарына маусым соңына дейін ойланып, сосын шешімін айтатынын хабарлапты. Себебі, Брэд Фридель – ағылшын премьер-лигасы тарихындағы ең егде ойыншы рекордын жаңартқысы келеді. Бұған дейінгі рекорд – 1993 жылы «Манчестер Сити» қақпашысы болған Джон Барридж еншісінде.

Алессандро Дель Пьеро

Әлем футболындағы аңыз ойыншылардың бірі - Алессандро Дель Пьеро. 2014 жылы 40 жасқа толған мерейлі мерекесін тойлаған ойыншы осы жылы үлкен футболмен қош айтысуы мүмкін. Үнді елінің «Дели Динамос» командасында ойнап жүрген футболшы Туринге қайтуды жоспарлап жүр. Алессандроға «Ювентус» командасы мен Италия құрамасы басшылығынан лауазымды қызметтер де ұсынылуда.

Дидье Дрогба

2014 жылы лондондық «Челсиға» оралған кот'д ивуарлық футболшы командамен біржылдық келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін бас бапкер Жозе Моуринью ойыншының клубта қызметте қалғанын мақұлдап отыр. Өйткені, ол 2014 жылға дейін-ақ «Стэмфорд Бридж» стадионының аңызына айналып үлгерген болатын. Өткен жылы ұлттық құрамадағы мансабын аяқтаған ойыншы өз шешімін алдағы уақытта жарияламақ.

Бір емес, бірнеше клубта өнер көрсеткен ойыншылар жасыл алаңға шығып өнер көрсетпесе де, футболдан алыстап кетпек емес. Бірі – бапкер, бірі – спорт сарапшысы, тіпті енді біреулерін еліндегі лауазымды қызметтер күтіп тұр. Бастысы – бұл ойыншылар әлем футболында өз есімдерін таныта білді.

Сурет: eurosport.ru,

Ө. Сансызбай