Америкалықтар ФИФА-ға футбол ережесіне өзгерістер енгізу туралы арыз берді

Америкалықтар ФИФА-ға футбол ережесіне өзгерістер енгізу туралы арыз берді

Америка жастарының футбол қауымдастығы және жас футболшылардың ата-аналары футбол ережесіне өзгерістер енгізу туралы ФИФА-ға арыз берді.

Америкалық бірнеше отбасы Калифорниядағы аймақтық сотқа шағым түсірді. Олардың басты талабы – он жасқа дейінгі балалардың допты баспен ойнауына тыйым салу.

«Бүгінгі таңда әлемдегі барлық футболшы мидың шайқалуынан зардап шегіп келеді. Әңгіме кәсіби футболшылар турасында ғана емес, футбол әліппесін енді үйреніп келе жатқан жас жеткіншектерге де қатысты болып отыр. Яғни, жұлдызды футболшылардан бастап жас балаларымызға дейін бұл мәселенің маңызы жоғары. Ойыншыларымыздың ауыр жарақат алмай, алдағы өмірлерін жақсы жалғастыру үшін тиімді жолдарды қарастыру қажет», - дейді арыз берушілер.

Қорғаушы Дерек Ховардтың айтуы бойынша жатықтырушылар балаларды үш жасынан бастап допты баспен ойнауға үйретеді екен.

«Интерфаксқа» берген сұқбатында қорғаушы Ховард: «Мидың шайқалуы – футболдағы басты аурулардың бірі. Футболмен шұғылданатын америкалық мектеп оқушылары басымен жылына 1,8 мың рет доп ұрады. Бұл – өте күрделі мәселе. Бұған жол бермеудің амалдарын ойластыру керек», - дейді.  

Сондай-ақ, арыз берушілер 18 жасқа дейінгі футболшылар арасында ойыншы алмастыру санын арттыруды және жарақат алып қалған ойыншыны 7-8 минутқа алмастыруды ұсынды. 

Бүгінде футбол ережесіне өзгерістер енгізу туралы жиі айтылып келеді. Осыған дейін, Лондондық «Челси» командасының бас бапкері Жозе Моуринью футболға тайм-аут ережесін енгізуді қолдайтынын айтса«Баварияның» бас бапкері Хосеп Гвардиола футболдағы ойыншылардың алмасу мүмкіндігінің санын арттыруды қалайтынын мәлімдеген-ді. Ал, Италия мен Ресей ұлттық құрамаларының бас бапкерлері Антонио Конте мен Фавио Капелло да футболға тайм-аут ережесін енгізуді құптаған болатын. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sevensport.ru

Н. Айдархан