Футбол ережесіне өзгеріс керек пе?

Футбол ережесіне өзгеріс керек пе?

Әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболдың жанкүйерлері көп-ақ. Ала допты ұршықша иіретін футболшылардың бүгінде атағы жер жарып-ақ тұр. Ол сондай даңқты футболшылардың бағын ашқан бапкерлердің еңбегі де ерен. Ал сол бапкерлер кейде жасыл алаңдағы ойын ережелерінің кей тұстарына өзгертулер енгізгенді қалайды екен. Олардың қатарында мюнхендік «Бавария» командасының бас бапкері Хосеп Гвардиола, «Ювентус» тізгінін ұстап отырған Антонио Конте және Фабио Капелло (Ресей) бар.


Немістің «Жеңілмейтін Армадасына» айналып келе жатқан «Баварияның» бас бапкері Хосеп Гвардиола футболдағы ойыншылардың алмасуын арттыруды қалайды. «Бапкер ретінде қалайтыным, ойыншылардың алмасулар санын өсіру керек. Бұл менің командамды басқарудың тиімді тәсілі бола алады. Сонымен қатар, ойыншыларды жиі ауыстыру оларға да пайдалы болмақ. Футболшылар тез қажып, шаршамайтын болады. Сол арқылы ойын жүйеңді кез келген сәтте өзгертуге болатын еді», - деп қарайды.  Ал Антонио Конте мен Фабио Капелло ше?


Бұл екі футбол маманы жасыл алаңдағы тартысқа тайм-аут ережесін енгізгісі келеді. Мұны енгізу футболшылар мен бапкерлерге, және қаржылай серіктестеріне де пайдалы деп қарауда. Туриндік команданың бас бапкері: «Футболға тайм-аут қажет. Алаң жиегінде тұрып ойыншыларға нұсқау беру қиын», - дейді. Ал Ресей ұлттық құрамасының бас бапкері Фабио Капелло: «Тайм-аут футболшылардың сергіп алуына үлкен септігін тигізеді, және клубқа да пайдалы болмақ», деп қарайды.

Тайм ортасындағы аз ғана үзіліс ауа-райының аптапты кездерінде болғаны дұрыс. Осыған орай халықаралық кәсіпқой футболшылар қауымдастығы (FIFPro) мен Италия құрамасының бас бапкері Чезаре Пранделли 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатында үзіліс болуын атап өтті. Өйткені Форталеза мен Ресифеде өтетін күндізгі кездесулерде ауа-райы 30 градус ыстық болуы мүмкін.

АҚШ-та тайм-аут ережесі негізгі спорттың бірнеше түрлерінде қарастырылған. Америка футболы, бейсбол және баскетболда мұның болуы үлкен көмегін тигізіп келеді. Футболшылардың жүйкелерінің сыр беруіне де жол бермейді. Мұның барлығы футбол мамандарының ойы ғана. Ал сіз қалай қарайсыз? Футболға жоғарыда аталған ережелер мен толықтыруларды енгізген дұрыс па?

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:dush7.karelia.ru 

Ө. Сансызбай