Федерердің өміріне қауіп төнді

Федерердің өміріне қауіп төнді

Tennis.com сайты хабарлағандай, Blue Cat Polytheistic Religion Founder 07 атты белгісіз интернет қолданушысы мынадай мәтінді интернет парақшасына орналастырған: "Мен 6 қазан күні Федерерді өлтіріп, бүкіл теннисті құртатын боламын". Одан бөлек ол жазылған мәтіннің қасына қолында балтасы бар қара киімді баскесердің Федерердің қасында тұрған суретін орналастырған екен.

Шанхайда өтетін "Мастерс" турнирінің ұйымдастырушылары осы жағдайға байланысты швейцариялық теннисші мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін күшейткенін хабарлады. 

"Біз тек бұл жай айтылған сөз деп үміттенеміз. Соған қарамастан, бұл жағдайға біз барынша мұқият қараймыз. Жергілікті полициямен хабарласып, барлық қауіпсіздік шараларын күшейттік. Сондай-ақ қалған ойыншыларды да жіті қадағалайтын боламыз",-деп келтірді өз сөзін турнирді ұйымдастыру комитетінің өкілі Ян Ибинь.

АТР Masters турнирі Шанхайда жексенбі күні 7 қазанда басталады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: inukr.net

Б. Қосмағамбет