Көрген түстей нұр ғұмыр

Көрген түстей нұр ғұмыр
Фото: google.kz

Жыл жаңарып, адамзат баласы өз өмір кітабының бір парағын жыртып тастайтын дәл 31 желтоқсан күні қазақ бір мұңға батып алатын болған. Дәл осы күні, ғасырлар ауысқан 2000 жылы түнде бокстан олимпиада чемпионы Бекзат Сейілханұлы о дүниелік болды. Қазаққа 20 жыл үзілістен кейін олимпиада алтынын тарту еткен 20 жасар дарабоз ұлдың өмірден кеткеніне биылғы 31 желтоқсанда 5 жыл толмақ. Уақыт-ай десеңізші.

Бекзат жайлы естеліктер естуге боксты сүйетін, Бекзаттың жарқын бейнесін көзі тірісінде теледидардан болса да бір рет көзі шалып қалған әрбір жанкүйер ынтық. Біз Түркістанға соққан сапарымызда Бекзат-батырдың ата-анасы Сейілхан Саттарханұлы мен Сырлыкүл Адырбекқызының қолынан дәм таттық. Әңгімеге тарттық. Бекзаттың түрлі жарыстардан жеңіп алған медальдары, кубоктары, марапат қағаздары, Бекзат жайлы кітаптар арнайы бұрышқа жиналыпты. Ортасында Сидней олимпиадасының алтыны да жарқырап жатыр. Ал төргі бөлмеге қайта-қайта жүгіріп кіріп, апасының етегіне оралып жүрген үш жасар батырдың аты да Бекзат болып шықты, ол Бекзаттың ағасының баласы екен. Кішкентай Бекзатқа даңқты ағасының жеңісті жолын тілеп, Сейілхан аға мен Сырлыкүл апайды сөзге тарттық. Сөйтіп, өткен күндер елесін аз да болса қайта тірілтуге тырыстық.

Сырлыкүл апай: 1995 жылы Бекзат боксты бастағанда, Нұрлан Жұмабаев деген бапкер жаттықтырып жүрді. Ол кезде жарыстардың бәріне баламызды өз ақшамызбен жіберетінбіз. Жезқазғанда жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан біріншілігіне де өз қаржымызбен жібердік. Бекзат бірінші орын алып келді. Арада екі ай өткен соң, Қостанайға кететін болды. Онда жастар біріншілігі өтпекші екен. Нұрлан қаржы іздеп табанынан таусылса керек, таба алмапты. Салмақ тағы өзімізге түсті. «Сырлан апай, ақша таба алмай үш күн жүрдім. Бекзат осы жолы барса, чемпион атанып келеді. Бірдеңе ғып жіберіңізші» деп өтінді ол. Нұрланның адам танығаны ғой, шәкіртінің талантына сенбесе, олай деп айта ма? Әкесі екуміз ақылдаса келіп, Бекзатты жіберуді ұйғардық. 10 мың теңге ол кездері үлкен ақша, әйтеуір таптық. Бекзат Қостанайдан чемпион болып оралды. Сол кезде Бекзатқа жан-жақтан келген бапкерлердің біразының көзі түсіпті. «Маған беріңіз, маған беріңіз» басталды. Ауылдан бірден жібере салуға ыңғайсыз. Бауырымда жүрген кенжемнің қасымда болғанын мен де қалаймын, жібергім келмейді. Нұрланды шақырып алдық, ақылдастық. «Нұрлан, Бекзатты жаттықтырғысы келетіндер көп. Оған қайта-қайта жарыс сайын қомақты ақша тауып беру бізге де ауырлау. Басқа балаларымыз да ержетіп қалды. Егер өзің демеуші тауып алып, Бекзатты жарыстардан қалдырмайтын болсаң, балам сенің қолында-ақ болсын. Әйтпесе жіберейік» дедік. Біздің таңдағанымыз Анатолий Визирякин есімді шымкенттік жаттықтырушы болды. Өзі бір адал адам болып көрінді. Қазақша сөйлейді екен. Бір көргеннен іш тарттық. Нұрлан демеуші іздеп үш күн сабылды. Ол кезде аса бай ешкім жоқ қой. Бір күні түстен кейін келді. Түтігіп кетіпті. «Балаңызды жіберіңіз. Бекзаттан мықты боксшы шығатынына мен сенемін. Мен қимай ұстап қалғанмен, болмайды» деді ол. Сонымен Бекзатымыз Шымкентке, Визирякинге кетті. 1995 жылы мен еңбек өтілімнің жеткілікті екенін пайдаланып, зейнетке шығып кеттім. Бекзат басқа қалаларға жиынға кеткенде, мен үйде боламын. Шымкентке оралғанда, қасына барам. «Бекзат, бүйтпе», «Бекзат, суық су ішпе» деп өбектеймін де жүремін. Жаттығулардан үйге көзі бақырайып, қатты шаршап келеді. Мейіз, жаңғақты балға араластырып, дайындап қоямын. Боксшылардың не жеп, не ішуі керектігін бес саусақтай біліп алдық. Бекзатты өзіміз де қосыла баптадық қой. Күнде екі рет жаттығу өткізеді. Шығарып саламын, күтіп аламын.

bs
Әр жарыстан кейін бір аптаға үйге жібереді. Мен оны апта бойы үйде күтем, рұқсат етілген дәрілерін ішкіземін. 1999 жылы Қарағандыда Қазақстан біріншілігі өтті. Бекзат 17 жасынан-ақ ересектер арасындағы жарыстарға қатысып жүрген. Финалдық бәсеке алдында оның оң қолының қырына көзжара шығыпты. Температурасы 39-40-қа жеткен. Қолғап киюге шамасы жоқ. «Жекпе-жекке шықпасаң болмайды» деп бапкерлер Бекзатты қолына қолғапты зорлап кигізіпті. Сол жолғы жарыстың ережесі бойынша, шешуші кезеңге шыққан төрт боксшы топтық турнир өткізіп, бәрі бірі-бірімен кездесіп шығуға тиіс болған. Кезекті қарсыласымен жұдырықтасып жатқанда, қолғап ішіндегі жара жарылып кетеді. Сол жарыстан Бекзат екінші орын алып қайтты.
Сейілхан аға: Бірінші орынды қарағандылық Бақтияр Тілегенов алды.
Сырлыкүл апай: Иә, Бекзатқа қарағанда тәжірибелі, боксқа сіңірген еңбегі зор делініп, бірінші орын Тілегеновке беріліпті. Бекзат жолай Шымкентке де соқпастан үйге келді. Үш апта үйде жатты. Өзім кезінде аурухананың хирургия бөлімінде істегенмін, жара, түрлі аурулар жайлы азды-көпті білемін. Қараймын, баламның қолындағы жара басқа жараларға ұқсамайтын сияқты. Көкпеңбек бірдеңе. Біздің ықшамауданда көнекөз кемпір бар еді, сол кісіні шақырып келдім. «Мынау көзжара ғой. Бұған пышақ тигізбеңдер» деді ол кісі. Сол апа үш күн қарады. Үшінші күні Бекзаттың қолы сыздап алып бара жатқан соң, апа жараны жарды. Бір аптаның ішінде жазып шықты. Бекзаттың ауырып кеткенін біледі ғой, бірақ үш апта бойы бапкерлерінен ешкім тырс етпеді. Бір күні Бекзат Түркістан университеті жаққа барады. Университеттің сол кездегі ректоры Мұрат Жұрынов Бекзатты көріп қалады да: «Сен біздің университетке ауыс. Жаттығуларыңды осы жерде жаса. Егер оған келіспесең, қасыңа Нұрлан Жұмабаевты қосып беремін, Шымкентте дайындаласың», – дейді. Бекзат мақұл деп қойыпты. Ол да өзін үш апта бойы ешкім керек етпегеніне қапа болды. «Шымкентке бармаймын, оқуымды осында жалғастырамын» деді ол. Әкесі де Бекзаттың ауысуына қарсы болған жоқ. Бекзат бір-екі күн жаттығуға барды. Төртінші апта басталғанда, таңертең үйге Анатолий Визирякин келіп тұр. Таксимен келіпті. «Бекзат, Шымкентке жүр. Сонда дайындаламыз» дейді. Мен оған біраз өкпемді айттым. Университетке ауысып қойғанын айттым, «қалсын» деп тұжырдым. Бекзат бірден «бармаймын» деді, тіпті үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Оны естіп, Визирякин жыларман болды. Бекзат сыртқа шығып, кетіп қалды. Визирякин Бекзаттың тыңдамайтынын білді. Ол енді әңгімені әкесі екеумізге айта бастады. «Мейлі, бармаса бармасын. Бірақ осы уақытқа дейін істеген еңбегіміз зая кетеді ғой. Дәл осы Түркістанда жаттығу жасап жүріп, Бекзат шыңға шығып кетеді деп ойламаймын» деді ол. Бапкердің сондағы айтқан мына сөзі де есімде. «Бекзат Сидней олимпиадасына барады. Онда ол алтын болмаса да, кемі күміс ала алады» деген-ді ол.
Сейілхан аға: Иә, Визирякин Бекзаттың олимпидада жүлделі орындардың бірін иеленетініне қатты сенімді болды.
Сырлыкүл апай: «Сіз анасысыз ғой. Сіздің тіліңізді алады. Көндіріңізші» деп Визирякиннің көзінен жас сорғалап, жылап кетті. «Осыдан менің қолыма барса, мен Бекзатты қасымнан шығармаймын» деді. Бекзатты таба алмай қалдық. Мен бапкерге: «Сіз қайта беріңіз. Бүгін жұма. Алдағы сенбі-жексенбіде баламызбен кеңесіп, келісіп отырып, дүйсенбі күні сізге жауабын айтамыз. Болатын болса, Бекзатты жібереміз, болмайтын болса, болмайды деп телефон соғамыз», – дедім. Мен Нұрлан Жұмабаевпен сөйлесіп көруге ниеттендім. Егер олар шынында да Бекзатты жақсы дайындайтын болса, Бекзаттың қалғаны дұрыс. Оқуы да, жаттығуы да көз алдымызда болады. Содан әкесі екеуміз университетеке бардық. Нұрланмен сөйлестік, жаттығуды қайда жасайтынын сұрадық.
Сейілхан аға: Олардың қайда жаттығатындарын бұрыннан білетінмін. Ұзын, ескі зал. Сылағы түсіп, су өтіп, сасып кеткен.
Сырлыкүл апай: Әрине, бізге ол орын ұнаған жоқ. Нұрланға: «Енді Бекзатты тұсамайық. Осынша уақыт дайындалып келіп, олимпиадаға бір жыл қалғанда оның еңбегін еш етпейік. Бұл жерде Бекзаттан ештеңе шықпайды», – дедім. Нұрлан қатты қапаланды.
Сейілхан аға: Өз шәкірті болған соң, өкінеді ғой. Бірақ оның жауабының дүдәмалдығы бізді ойландырды. «Қаржысын университет басшылығы көтереміз деген» деп тұр ол.
Сырлыкүл апай: «Бекзатты Шымкентке жіберейік. Ертең жеңіске жетіп жатса, сенің мәртебең биік болады» дедім Нұрланға. Дүйсенбі күні Бекзат әкесі екеуі Шымкентке жүріп кетті. Содан кейін Визирякин Бекзаттан айырылмады. Біз де құрама басшылығымен жиі байланыста болып тұрдық. Құраманың дәрігерлері қандай дәрі қабылдау керегін айтса, өзіміз қадағалап жүретін болдық. Бекзат әр оқу-жаттығу жиынынан оралғанда, біраз дәрілер ала келеді. «Мама, мына дәріні міндетті түрде салсын деп жатыр» дейді. Мен аты таныс емес дәрі болса, дереу Алматыға, құраманың дәрігеріне телефон соғам. Дәрінің құрамында допинг бар-жоғын сұраймын. Көңілімде бір ғана қауіп – «балам байқамай допинг қолданып қойып, жарыстан шеттетіліп кетпесе екен. Ертең баламды нашақор етіп алып жүрмейін» деген ой. Дәрігерлер дәрінің құрамы таза екендігін айтып, азар да безер болады.
Сейілхан аға: 2000 жылы сәуір айында Бекзат Парижде, Ыстамбұлда және Мадридте кезек-кезек өткен үш турнирге қатысты. Ыстамбұлдағы жарыста Бекзат оң қолының екінші жіліншігін сындырып алды. Жұқа сүйек морт кеткен. 1998 жылы Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінің финалында Бекзат Сүлейман деген түрік боксшысынан жеңілді ғой. Ыстамбұлда жартылай финалда сол қайта жолығыпты. Бекзаттың Сүлейманға ызасы ішінде кеткен, қатты ұрам деп жүріп қолын сындырып алыпты. Сүлейманды сол жолы жеңген, бірақ төрешілер Бекзатты финалдық жекпе-жекке шығармай қойыпты. Бекзат үйге қатты қамығып келді. «Папа, жұрт «Саттарханов бітті, енді одан боксшы шықпайды» деп жатыр. Мына қолым жазылмаса қайтем?» деді. Біз барымызды салып емдедік, үш аптада құлан-таза жаздық. Сосын Мәскеуде «Төрттік турнирі» деген ірі жарыс өтті. Оған Қазақстан, Украина, Ресей, Өзбекстан боксшылары қатысты. Бекзат сол турнирде мүмкін болған барлық жүлдені ұтып келді. Өз салмағында чемпион болды, турнирдің ең үздік боксшысы атанды.
Сырлыкүл апай: Сонда Бекзаттың сүйегінің өте табиғи бітісіп кеткеніне қатты таң қалыпты ғой.
Сейілхан аға: Қолы сынғанда біз «Бекзат олимпиадаға бара алмай қалар ма екен?» деп қатты қорықтық. Жалпы Бекзаттың қолы үш рет сынды ғой. Бір рет әлгі көзжара деген бәле шықты.
Сырлыкүл апай: Түу, сол кездерде баламның жаны қиналды-ай! Түн баласы ұйқы көрмей шығатын. Сол қиыншылығының бәрін көзімізбен көрдік қой.
Сейілхан аға: Олимпиада алдында бокстан Қазақстан құрамасы Тайландқа екі аптаға оқу-жаттығу жиынына барды. Бекзат 57 келі салмақта 1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионы Сомлук Камсингтің жаттығуын арнайы барып көріпті. Елге келген соң. чемпионның қандай екенін сұраймыз ғой. «Ой, папа, мен оны жеңемін!» деді ол сенімді түрде. Тайландта олимпиада чемпионы – корольден кейінгі екінші адам. Жұрттың бәрі иіліп-бүгіліп қарсы алатын көрінеді. Камсингтің жеке залы бар екен. Тіпті тұтынатын тәрелке, сүлгісінің бәрінде Камсингтің суреті бар деседі. Қазақстандықтар Камсингтің қонағы есебінде сол залда тегін жаттығыпты. Бір күні спарринг-бәсеке өтіп, жұрттың соңын ала шарша алаңға Бекзат пен Камсинг шығыпты. Не гонг жоқ, не төреші жоқ, екеуі біраз қаржасыпты. «Бір кезде өзіміз тоқтадық. Біз шаршы алаңнан түскенде, тамашалап тұрған адамдардың бәрі дүрілдете қол соқты» деп еді Бекзат. «Олимпиадада кездессе, жеңемін» деді ол.
Сырлыкүл апай: Камсинг Бекзатқа Болонья плащы материалынан тігілген спорттық форма сыйлапты. Бекзат таңертең соны киіп жүрді. Таңғы сағат алтыда үйден шығып кетеді. Үйден 9-10 шақырым жерде көпір бар, соған дейін жүгіріп барып, қайтып келеді. Үйге жүгіріп жеткен соң, қысулы тұрған жеңі мен балағын босатып қалғанда, тері суша ағушы еді. Олимпиадаға да сол форманы алып кетті.
– Бекзат Сидней олимпиадасына жолдаманы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде иеленіп келді ғой?
Сейілхан аға: Иә. Ол біріншілік 1999 жылы өтті. Бекзат финалда өзбек боксшысы Толқынбай Тұрғыновпен жұдырықтасты. Әлгі төрешілер шешіміне ашуланып, шаршы алаңнан түспей жүретіні сол кез ғой. АИБА президенті Әнуар Чаудридің алдына барып, бірдеңе айтып жатыр. Кейін «неге өйттің?» десем, «жыным келіп кетті» дейді. Чаудри бәрін түсініп отыр. Бекзат Толқынбайдың тас-талқанын шығарды ғой. Өзінің анағұрлым басым екенін сезіп тұр, бірақ төрешілер Тұрғыновтың қолын көтерген. Үйде сол жекпе-жектің бейнетаспасы да бар. Бекзат қарсы бұрышқа жүгіріп барып, өзбек жаттықтырушыларына бірдеңе дейді. Бәрібір төрешілер шешімін өзгертуші ме еді? «Екінші орын алсаң да, олимпиадаға барасың ғой, дауласып нең бар?» деймін ғой үйге келген соң. «Қап, папа, қап! Құдай кездестірсінші маған сол нағашыңызды. Ақым кетті» дейді. Өзбектер маған нағашы болып келеді ғой. Тұрғынов олимпиадада көпке бармай-ақ ұтылып қалды.
Бекзаттың 57 келі салмаққа ауысуы да қызық болды. Бұл 1999 жыл еді. Әлем біріншілігі, Азия чемпионаты, Орталық Азия ойындары қат-қабат өтетін болды. Қазақстаннан кімді жібері керек? 57 келіде ол кезде Марат Мәзімбаев, Галиб Жафаров, Бақтияр Тілегенов бар еді. Бапкерлер құрамы Хьюстонда (АҚШ) өтетін әлем біріншілігіне Бекзатты да ала кетті. Боксшыларымыз Мадридке аялдады. Бір күні Бекзат телефон соғады. Жылап тұр. «Не болды, балам?» «Мадридке жалғыз өзімді тастап кетті, папа. «Қазақстанға ұшасың» деп қолыма билетімді берді» дейді. «Әлем чемпионатына сенің салмағыңда кімді алып кетті?» «Тілегеновті». «Болды, жылама. Елге аман-есен кел» дедім жұбатып.
Сырлыкүл апай: Тілегенов сол чемпионатта бірінші кездесуде-ақ жеңілді.
Сейілхан аға: Бекзат елге келісімен, көп демалтпай, Бішкекте өткен Орталық Азия ойындарына алып кетті. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жалғыз алтын медальді Бекзат алып келді. Сосын қайтадан құраманың оқу-жаттығу жиыны өтті. Алда – Азия біріншілігі. Онда олимпиада жолдамасы сарапқа салынды. Құрамада Бекзаттың салмағында әжептәуір талас болғанға ұқсайды. Саттарханов Орталық Азия ойындарын ұтқанмен, әлем біріншілігіне барған жоқ. Тілегенов «әлемнен» жеңіліп қайтты. Кімді аламыз? Айналып келіп, бапкерлер Бекзатқа тоқтапты. Тілегенов содан кейін боксты тастап кетті.
Мен әр кездегі Бекзаттың қарсыластарын бақылап отырамын. Әсіресе, кубалықтарды. Бекзаттың өзі: «Кубалықтармен үш рет кездестім, қазір 2:1 есебімен мен алда келе жатырмын», – деп отыратын. Бекзаттан жеңілген екі кубалық өз құрамаларында әлі жүр. Видал Джонсон мен тағы біреу, аты есіме түспей отыр.
– Сиднейде Бекзат өзі сіздерге телефон соғып, жарыс барысын айтып тұрды ма?
Сейілхан аға: Бекзат ширек финалда түрік боксшысы Рамазан Палианиді ұтып, жартылай финалға шыққан кезде үйге телефон соқты. Алыстан келетін қоңырау бірден белгілі ғой, ұзақ шырылдады. «Сидней, Сидней!» дестік. Бекзат ентігіп тұр екен. «Папа, мен ғой. Қола медальға іліндім. Құдай қаласа, сіздің арманыңызды орындаймын» деп тұр. «Балам-ау, осы уақытқа дейін неге телефон соқпадың? Әркім әр түрлі айтады. Не болып жатқаныңды білмейміз» деп жатырмыз.
Сырлыкүл апай: «Болды енді, алтын менікі» деді ғой сол кезде Бекзат.
Сейілхан аға: «Папа, менің ойланып жүргенім осы Палиани еді. Енді ешкімнен қорықпаймын» деді. «Енді кіммен шығасың?» «Марокколық Таһир Тамсамани деген боксшы. Арғы жағында кіммен жұдырықтасатынымды уақытында көреміз». Түрікті ұтқан соң-ақ менің де арқамнан жүк түскендей болып қалды. Бекзаттың Түркістаннан олимпиадаға кеткенін көп жұрт білмей де қалды. Тек оның жарысқа шығатын күні таяғанда ғана үйге кісілер ағылып, өздерінше жорамал айтып, тіпті «балаңыз бірінші жекпе-жектен кейін-ақ қайтатын шығар» деп те жатты. Мен тіке айтам: «Балам жүлдесіз қайтпайды», – деймін. «Болмағанда үшінші орын алады, әйтпесе, алтын алуға тиіс» десем, жұрт маған аңқиып қарап қалады. «Осы уақытқа дейін қазақ баласы бокстан олимпиада алтынын алған жоқ қой. Сіз нағыл деп тұрсыз? Кішкентай баланың қолынан келеді деп тұрсыз ба?» дейді. «Көресіңдер ғой. Қазақ әйтеуір бір кезде айды аспанға шығару керек емес пе? Соның кезі келді» деймін мен.


Сырлыкүл апай: Бекзатты біз 2000 жылдың тамыз айында жиынға шығарып салдық. Бауырлары Түркістанда қоштасқан. Шымкентте әкесі екеуміз шығарып салып тұрмыз. Бір уақта Мұхтархан келді. Алқаушы бір автобус адамы бар. Сосын Олжас Оразәлиев келді. Оның да қасында топ адам. Музыка шырқап тұр. Пойыздың да келетін уақыты болып қалды. Олар алдымен Қарағандыға, жиынға жүрмек. Бекзатқа қарадым да: «Балам, өзіңді шығарып салатын көп ешкімнің жоқ екеніне налып тұрсың ба? Әкең мен анаңнан артық адам жоқ саған», – дедім. Ішімнен «балам ренжіп тұрған жоқ па екен?» деп ойланып тұрмын. «Жоқ, мама. Мені жақындарым ауылдан шығарып салды ғой» деді Бекзат. Пойыз келді. Бекзаттың бетінен сүйіп, жеңіс тілеп, мінгізіп жібердік. Пойыз қозғалып барады. Сол сәтте Олжасты шығарып салушы бір топ адамның ішінен біреу Бекзатқа барып: «Інім, сен жарысқа кетіп бара жатқан адамдардың ішіндегі ең жұмбағысың. Сен сол жұмбақты шешіп келуің керек. Мен оған сенімдімін. Жақсы, Бекзат! Мен саған ақ жол тілеймін», – деді. Бекзат та рахмет айтып: «Жұмбағыңызды шешіп келемін, аға», – деп жатыр. Екеуінің не айтқанын түсінбедік. Сосын әлгі адам бізге келіп, амандасты, қолымызды алды. Біздің Бекзаттың ата-анасы екенімізді сұрады. «Бекзат менің жұмбағымды шешіп келемін деді ғой. Бекзаттай ұл туған сізге рахмет» деп менің қолымнан сүйіп, кетіп қалды. Жолшыбай ойландық. Жұмбағы несі? Мүмкін, Бекзатты бұрыннан танитын шығар. Жоқ, кейін сұрастырсақ, танымайды екен. Содан Бекзаттар кетті. 4 қыркүйек күні олар Сиднейге Алматыдан ұшатын болды. Сапар алдында кешке жақын телефон соқты. Бауырлары шығарып салмақ болып кеткен, оларға жолыға алмапты. «Мама, мен түс көрдім. Түсімде бабам келіп, мойныма алтын медаль тағып кетті. Құдай қаласа, алтын медаль менікі, мен алтын алып қайтамын. Сіздер, әкем екеуіңіз азанда тұрып, жақсылап жуынып, бабамның мешітіне барыңыз. Қазанды жеті рет айналыңыз. Папам Құран оқи біледі ғой, оқысын. Сосын жеті адамға садақа таратыңыз. Сөйтіңіз-дағы, үйде Құдайдан жақсылық тілеп отыра беріңіз» деді. Сосын дереу қоштасты. Қожа Ахмет Яссауи бабасын үнемі «бабам» деп сөйлейтін, атын тура атамайтын. Сөйтіп, ұшып кетті. Кейін елге оралғасын: «Жарысқа түсіп жатқаныңда, сол бабаңды көрдің бе? Қалай жеңдің, балам?» – деп сұраймын ғой. Сондағы айтқаны: «Мама, финалдық жекпе-жекте бабам қарсыласым Хуарес екеуміздің арамызда жүрді ғой», – деді. Ол қандай құдірет екенін білмеймін, бәрі ішінде кетті. 1998 жылы Буэнос-Айреске, жастар арасындағы әлем біріншілігіне кетер алдында да осындай жағдай болған-ды. Ол кезде де олар Қарағандыда жиында жатты. Бір күні қоңыраулатып: «Мама, мен түнде түс көрдім. Бабамның мешітінің алдында тұр екенмін деймін. Айналам қарақұрым халық, басына сәлде орағандары да, әншейін жүргендері де бар. Әйтеуір ығы-жығы ел. Бір уақта екі адам келіп, екі қолтығымнан демеп отырып, алтын тақтың қасына әкелді. Сосын басқа бір адам үстіме жарқыраған алтын шапан кигізді. Басыма алтын тәж кигізді. Тағы да демеп, таққа отырғызды», – деді. Оны естігенде зәрем қалмады. «Балам, келешегің жақсы болады екен Құдай қаласа. Бірақ осы түсіңді ешкімге аузыңнан шығарып айтпашы. Тек мен ғана білейін» дедім. Сосын үйге ел шақырып, қой сойып, Құран оқыттым. Бір аптадан кейін Бекзат тағы телефон шалып, тағы түс көргенін, онда бір адам келіп намаз оқуды үйретіп кеткенін айтты.
– Қайтыс болардан бұрынырақ түс көргені жайлы айтқан жоқ па?
Сырлыкүл апай: Түк сездірген жоқ қой, түк сездірген жоқ. Кетіп қалатын адамның қалпында біреулер «өйтем, бүйтем» деп жүреді ғой, жоқ, жоқ, жоқ, білдірсе неғылсын… Бәрі күні бүгінгідей көз алдымда. 2000 жылдың желтоқсанының басында Бекзат, Ермахан, Болат, Мұхтархандар Солтүстік Қазақстанды аралауға кетті. Олар 15 желтоқсаннан 27-сіне дейін Араб Әмірліктерінде демалмақ болған. Бағдарлама түзіліп қойған соң, солтүстікке сапарға шығып кетті. Олар 24 желтоқсанда оралуға тиіс еді, 22-сі күні келді. 8 желтоқсанда Түркістанда: «Бекзатты біреулер ұрып тастап, ауыр халде реанимацияда жатыр екен», – деген әңгіме шықты. Тіпті қаулап кетті. Бұл кезде Бекзат солтүстікті аралап кеткен. 11-і күні үйге біраз туыстар келіп, әлгі өсек сөздің шын-өтірігін сұрады. «Осы бүгін ғана хабарласты. Бекзат аман. Өскеменге ұшқалы жатыр» десем, сенбейді. Сол арада Бекзат тағы телефон соға қалды. Сонда ғана әлгілер сенді. Кейін бұл әңгіменің қайдан шыққанын сұрастырдым. Жұрт ең алғаш мұндай сөздің мешітте шыққанын айтты. 22 желтоқсан күні түстен кейін Бекзат Шымкентке келді. Жаңа жылды үйде қарсы алуға келістік. «Балам, жаңа үй алдық. Биыл өзің жеңісті болып жатырсың. Командалас достарыңның бәрін үйге шақырайық, 31 желтоқсан күні біздің үйде болсын» дедік. Сол арада Бекзатты университетке ме, бір жерге шақыра қалды. Шығып кетіп, екі сағаттан кейін қайтып келді. Достары шақырған сияқты. «Мама, жаңа жылды ауылда қарсы аламыз ба деп едік, олай болмайын деп тұр. Шымкенттегі достар бір кафені жалдап, бәрін ұйымдастырып қойыпты. Мен қатыспасам болмайтын сияқты» деді. 25 желтоқсан күні Түркістанға келдік. 27 желтоқсанда түс әлетінде мешітте айт намазы оқылды. Бекзат мәшинесін қасқайтып, жұрт көретін жерге қойып қойыпты.

imgres
Сейілхан аға: Намазға Бекзат екеуміз бардық. Намазда екеуміз екі жерде тұрдық. Дұға оқылып, бет сипаған соң, сыртқа шықтық. Яссауи кесенесіне бұрылатын тұста аялдама бар, Бекзат көлігін сонда тоқтатып, жұртқа жақсы көрінетін жерде тұр екен. Мешіттен қайтқан жұрттың бәрі баламның тұсына аялдайды, амандасып өтеді. Көлікті неге онда қойғанын сұрадым. «Папа, Түркістанда «Бекзат соққыға жығылыпты, өлімші ғып сабап кетіпті» деген сөз шығыпты ғой. Менің бар екенімді, тірі екенімді көрсін деп, мәшинемді әдейі осы жерге қойдым» деді. Сол күні анасы, Бекзат үшеуміз Шымкентке жүріп кеттік. Біз 28-і күні ауылға қайттық, Бекзат 31-і күні үйге екі мәшинемен келді.
Сырлыкүл апай: Қала бойынша «Жыл адамы» атағы берілетін болып, Бекзат әдейі келді. Әйтпесе, жаңа жылды Шымкентте қарсы алып, бір-ақ келгісі ойы бар еді. Әлгі шара кешкі 6-да басталатын болған, бірақ көп кешіктірілді. Түнде бір-ақ басталды. Көңілім тынбай, алаңға келдім. Бекзат көрінбеді. Қалта телефонына хабарласып, неге кештетіп қалғанын сұрадым. «Түн болды ғой, сен Шымкентке жетем дегенше қай уақ? Басталмаса, басталмасын, Шымкентке бар, әйтпесе үйде қал» дедім. Сөйтсем, Бекзат банкетте отыр екен, шыға алмай отырғанын айтты. Мен үйге қайтып кеттім. Әкесіне Бекзатты үйге алып келуін айттым. Уақыт болса кеш, «енді жаңа жылды үйде қарсы алайық» дегенбіз. Әкесі Бекзатқа жете алмаған. Бекзат шараны ұйымдастырушылардан бірінші сөз сұрап, өзінің асығып тұрғанын, Шымкентке кетуі керектігін айтады. Сөйтіп, бірінші сөйлейді.

url
Сейілхан аға: Сөйлеп біткен соң, Бекзатты іздеп едім, таппадым. Артқы есіктердің бірінен шығып кетіпті. Мәшинесі де жоқ. «Яссы» қонақ үйінің алдына қойған екен, мен аңғармаппын.
Сырлыкүл апай: 10-нан 10 минут өткенде үйге келді. Қасында екі бала бар. «Мама, біз жүрейік» дейді. «Кетпесең болмай ма, Бекзат?» деп едім: «Мама, мен бір рет қана сөйлеймін ғой. Екі сөйлесем, өлгенім ғой», – деді. Дастарқан жасаулы тұр еді, отырып шәй іштік. Әлгі «ештеңе сезбедім» дегенім де сол ғой, сол сәтте мысқал нәрсе сезсемші. Бекзат маған арнайы алып келген шампанын атты. Менен тілек сұрады. Мен баламның не ойлап, не жоспарлап жүргенін жақсы білем ғой. Ол 3 қаңтардан жаттығуды бастап кетуді ойлап жүрген. Сонда былай дедім және қазір де неге солай дегеніме жауап таба алмаймын. «Балам, бағың жана берсін. Мен қазір саған үйлен дегенмен, үйленейін деп жатқан жоқсың. Еліңе түскен заматта екі дүркін, үш дүркін олимпиада чемпионы болатыныңды айтып едің. Сен сол арманыңа жет. 2004 жылы жалауыңды желбіретіп келген соң, Құдай қаласа үйленерсің», – дедім. «Сол кезде неге үйлен, көбей деп неге айтпадым? Оның олимпиаданы тағы ұтқаны маған неге керек еді?» деп осы күні өзімді жеп қоямын ғой. Қарасам, сағат 10-нан 20 минут өтіпті. «Бекзат, сен түнгі сағат 12-де үйде болшы. Орыстардың жаңа жылы Мәскеу уақытымен түнгі 3-те соғады ғой, Шымкентке сол уақытта баршы» деп өтіндім. «Мама, балалардың бәрі маған кел деп жатыр ғой. Бармасам болмайды» деді-дағы, бетімнен сүйіп, кете барды. Кетіп бара жатқаны, мәшинеге отырғаны әлі көз алдымда тұр ғой. Бекзатым қайтқан соң, сол үйде отыра алмадым, қоштасып кеткен сәті елестей берді. Ақыры, басқа үйге көшіп кеттік.
Сейілхан аға: Бекзат қайтыс болмағанда, Сиднейден кейін құраманың мықтыларының көбі боксты тастамас еді. Өз келісімдері бойынша, олар 2001 жылғы Азия біріншілігіне және әлем чемпионатына қатысып барып бір-ақ тоқтауға тиіс болатын. Бекзат 64 келі салмаққа ауысатын еді. Өйткені, Бекзаттың бойы сұңғақтау-тұғын, 57-ні уақыт өткен сайын ұстап тұру қиынға соғары анық еді.
Сырлыкүл апай: Осы күні ойланып отырамын да, баламның бір сәт еркін демалмағанын, тыным көрмегенін ойлап қамығамын. Бекзатым өте еңбекқор еді ғой. Аз ғана ғұмыр сүрсе де, ол өмірді барынша мәнді етудің үлгісін өз тұрғыластарына көрсетіп кеткен сияқты. Әйтпесе, 20 жастағы бала сонау Сиднейде жатып: «Осы жеңісімді Түркістанның 1500 жылдық тойына арнаймын», – дер ме еді? Елге орала салысымен: «Мен екі дүркін, үш дүркін олимпиада чемпионы боламын. Қазақ ұлдарының ешкімнен кем емес екенін дәлелдеймін», – деді. «Қазақстанымның өскен, өркен жайған ел екенін көрсем» деп армандады. Соның бәрі менің көкірегімде. Бекзатымның орындалмай кеткен армандары қазақ ұлдарына аманат. Бала менің құрсағымнан шыққанымен, халықтікі, елінікі еді. Кейде жеке қалғанда ойланып отырып, Бекзатымның аты көп аталмай кеткеніне қапа боламын. Еліміз аман, жеріміз тыныш болса екен. Азаматтарымыз аман болса екен.

Дерекккөз: statsport.kz

Е. Жұмабайұлы