Габондықтар Мессиді жақтырмай қалды

Габондықтар Мессиді жақтырмай қалды
Фото: scmp.com

Габон халқы әлемнің үздік футболшыларының бірі Лионель Мессиді жақтырмай қалды. Ал елдің ұлттық партиясы футболшының арнайы шақыртылған іссапарындағы киіну стилін сынға алды.

Екі жылдан кейін Габон елінде футболдан Африка кубогы додасы өтеді. Осыған орай ел президенті Али Бонго жаңа стадионның іргетасын қалау салтанатына Лионель Месси мен бұрынғы «Барселона» ойыншысы Декуды шақырған еді. Габон басшылығының аргентиналық сұрмергенді шақыру келісіміне Самуэль Это'О септігін тигізіпті. Ол 2012 жылы Хави мен Виктор Вальдестің де Габонда футбол академиясын ашылу салтанатына келуіне себепкер болған еді.

«France Football» басылымының хабары бойынша, Лионель Месси мен Деку арнайы шақыртумен барған сапары үшін 3,5 миллион евро сыйақыдан алған. Бұл жергілікті халықтың наразылығын тудырып отыр. Ал жергілікті оппозициялық партияларға аргентиналық сұрмергеннің қазіргі президент Али Бонгоны қолдауы ұнамай қалған. Ал елдің ұлттық партиясы (UPG) болса футболшының киіну стилін сынға алды.

- Месси жануарлар бағын аралағандай әсер қалдырды. Қырынбай, жуынбай және екі қолды қалтаға салып жүру – мультимиллонерге тән қылық емес. Біздің елдің басшылары классикалық үлгіде киінеді. Габон – жануарлар бағы емес. Біз Мессидің бұл қылығын әлі талқылайтын боламыз, - деген UPG партиясы ресми хабарламасында.

Айта кетейік, Лионель Месси Африка құрлығының ең бай еліне осы аптаның басында ат басын бұрған болатын. Ал БАҚ беттерінде айтылып жатқан жаңалықтарға байланысты футболшы ресми мәлемдеме жасаған жоқ. 

Ө. Сансызбай