Месси қай клубтың қақпасына ең көп гол соққан?

Месси қай клубтың қақпасына ең көп гол соққан?

Аргентина ұлттық құрамасы мен каталондық «Барселонаның» көшбасшысы Лионель Месси жақында Испания клубы сапындағы 400-ші голын соққан болатын. Бүгін біз сіздерге төрт рет «Алтын допты» жеңіп алған ойыншының қай клубтардың қақпасына ең көп гол соққаны туралы айтатын боламыз.

Лионель Месси спорттық мансабын тек «Барселонамен» байланыстырып келеді. Рекордтары мен ірі жетістіктеріне де каталондық клуб сапында жүріп жетті. Ең көп голдарын да испан клубтарының қақпасына соққан.

Аргентиналық сұрмергеннің ең көп гол соққан клубтары - «Севилья» мен мадридтік «Атлетико». Месси Севилья және Мадрид қаласы клубтарының қақпасын 22 рет дәл нысанаға алған. Бұл нәтижені «Севильяға» қарсы 23 ойында, «Атлетикоға» қарсы 25 ойында орындап шыққан.

Лионель Мессидің соққысынан кейін өз қақпаларынан ең көп доп алып шыққан клубтардың бірі – мадридтік «Реал». Футболшы «Эль-Класикода» 30 ойынға қатысып, 21 гол соққан. Сонымен қатар, 13 рет нәтижелі пас берген. Бұл көрсеткіш бойынша Мессиден озар ойыншы табылып тұрған жоқ. Басты бәсекелестерінің бірі – Роналду «Эль-Класикода» 15 гол ғана соққан.

«Барселона» шабуылшысынан көп теперіш көрген клубтардың бірі - «Осасуна». Олар 17 ойында Мессидің 19 гол соғуына мүмкіндік берген.

«Валенсия» клубы да Мессиді көп ойында тұсап ұстай алмаған. Шабуылшы 21 ойынға қатысып, 16 рет өз есімін таблоға жазған.

Лионель Мессидің көп гол соққан клубтарының қатарына «Хетафе» мен бильбаолық «Атлетик» те кіреді. Футболшы бұл ұжымдардың қақпасына 15 голдан соққан.

Айта кетейік, осыған дейін Криштиану Роналдудың да қай клубтардың қақпасына ең көп гол соққаны туралы жазған болатынбыз. Португалдық футболшы да спорттық мансабында «Севилья» клубының қақпасына (18 гол) ең көп голын соққан. 

 

Ұқсас жазбалар: 

Роналду қай клубтың қақпасына ең көп гол соққан?

Мессидің «Барселона» сапында соққан барлық голдары (видео)

Ө. Сансызбай