Мессидің «Барселона» сапында соққан барлық голдары (видео)

Мессидің «Барселона» сапында соққан барлық голдары (видео)

Футболдан Испания ла-лигасының ХХХІІ тур ойындарында каталондық «Барселона» көшбасшысы Лионель Месси клуб сапындағы 400-ші голын соқты. Ол бұл нәтижені 471-ші ресми ойынында тіркеді.

Лионель Месси спорттық мансабын тек «Барселонамен» байланыстырып келеді. Рекордтары мен ірі жетістіктеріне де каталондық клуб сапында жүріп жетті. Төрт рет «Алтын доп» иегері атанды.

Аргентиналық сұрмерген 400 голының 276-сын Испания ла-лигасындағы ойындарында соққан. 32 голын Испания кубогы ойындарында, 10 голын Испания Суперкубогында, 4 голын клубтар арасындағы әлем чемпионатында өз еншісіне жазған. Ал УЕФА Суперкубогы ойынында бір-ақ рет көзге түскен. Сонымен қатар, Чемпиондар лигасында 75 гол соғып, Криштиану Роналдумен бір қатарда үздік сұрмергендікке таласып келеді.

Лионель Месси 400 голының 317-сін сол аяғымен, 64-ін ғана оң аяғымен соққан. Футболшы баспен аса көп гол соға бермейді. Спорттық мансабындағы «Барселона» үшін ойынында баспен 17 гол ғана соққан екен. 48 рет пенальтиден қақпаны дәл көздесе, 16 рет айып соққысынан мергендігімен танылған. Сонымен қатар, аргентиналық футболшы алыстан соққы бағыттауды да назардан тыс қалдырмайды. Ол айып алаңының сыртынан 52 рет қарсылас команданың қақпашысын қапы қалдырған екен.

Айта кетейік, «Барселона» шабуылшысы өзінің 400-ші голын «Валенсия» қақпасының торында тулатты. Қазіргі таңда каталондық клуб басты қарсыласы - «Реалдан» 2 ұпайға озып келеді.  

Cурет: share.youthwant.com.tw

О. Сансызбай