Зарина Сейітқазинова Вьетнамдағы турнирде ең сұлу спортшы атанды

Зарина Сейітқазинова Вьетнамдағы турнирде ең сұлу спортшы атанды

Қазақстандық волейболшы Зарина Сейітқазинова Вьетнамда өткен «VTV International Women's Volleyball Cup» дәстүрлі турнирінің қатысушылар арасында ең сұлу спортшы атанып, көрермен көзайымына айналды. Бұл туралы ҚР волейбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«VTV International Women's Volleyball Cup» дәстүрлі турнирін Вьетнам елінің телеарналары жыл сайын ұйымдастырады. Биыл бұл жарысқа Қазақстан атынан «Астана» волейбол клубы қатысты. Отандастарымыз топтық кезеңде Қытайдың "Fujian" клубынан 3:0 есебімен (25-22; 25-20; 25-17) басым түсті. Екінші ойында Таиландтың "Thông tin Liên Việt Post (LVP) Bank" клубына 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Жартылай финалда Солтүстік Кореяның "4.25 Sports Club" клубына есе жібергенмен, үшінші орын үшін таласуға мүмкіндігі болды. Бұл ойында Рустам Масимов жаттықтыратын «Астана» жергілікті "VTV – BÌNH ĐIỀN" клубын 3:1 есебімен жеңіп, қола жүлдегер атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша, «Астана» клубының 22 жастағы волейболшысы Зарина Сейітқазинова турнирге қатысушылар арасында ең сұлу спортшы атанды. Отандасымыз осыған дейін өзі өскен өлке Оралдың «Грация» клубында өнер көрсеткен. 

Cурет: volley.kz, volley.kz, vk.com

О. Сансызбай