Жәнібек Әлімханұлы студенттермен өткен кездесуде ән шырқады (видео)

Жәнібек Әлімханұлы студенттермен өткен кездесуде ән шырқады (видео)

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының белді былғары қолғап шеберлерлері Данияр Елеусінов, Иван Дычко және Жәнібек Әлімханұлы мен бас бапкер Мырзағали Айтжанов Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде бір топ студенттермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ұлттық құраманың 2015 жылға қойып отырған мақсаттары айтылды. Алдағы ірі жарыстар туралы ой айтылып, талқыланды. Студенттер көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов елімізде бокстың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал команда капитаны Данияр Елеусінов алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Менің мақсатым – Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадада топ жару. Уақытымды жаттығу жұмыстарына барынша бөлудемін. Жекпе-жек аяқталған соң төреші менің қолыңды жеңімпаз ретінде көтерген сәтте ерекше сезімде боласың. Мен жеңіс үшін шаршы алаңға шығамын, - деді боксшы.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов кездесу өткен Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің экономика факультетін тәмамдаған. Кездесуге келгендер боксшының студенттік өміріне қатысты да сұрақтар қойды.

- Группаластарыммен хабарласып тұруға тырысамын. Жаттығу мен жарыстардан қол босағанда кездесіп студенттік шақты еске алып тұрамыз, - деді Данияр Елеусінов.

Кездесуге келген студенттердің бірі Жәнібек Әлімханұлынан ән шырқап беруді өтінді. Өз кезегінде боксшы да тосылып қалмады. «Ана туралы жыр» әнін шырқай жөнелді.

Айта кетейік, 2013 жылы massaget.kz сайтына берген сұқбатында Жәнібек бос уақытында домбыра шертіп, гитара тартатынын айтқан болатын.

Студенттермен өткен кездесу соңы боксшылардың қолтаңба мен естелік сыйлықтар үйлестіруімен аяқталды.  

Сурет: Данияр Майлыбаев

Оқи отырыңыз

Жәнібек Әлімханұлы: "Бокссыз өмірімді елестете алмаймын"

Жәнібек Әлімханұлы «Astana Arlans» сапында алғашқы жекпе-жегіне шығады

О. Сансызбай