Жәнібек Әлімханұлы: "Бокссыз өмірімді елестете алмаймын"

Жәнібек Әлімханұлы: "Бокссыз өмірімді елестете алмаймын"

Қазақ спорты 2013 жылы биік белестерді бағындырды. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Жылан жылы жоғарғы жетістікке жетіп, өз жанкүйерлерін қуантқан спорттың бір түрі – бокс. Өзгесін айтпай-ақ, Алматыда өткен Әлем чемпионаты қазақ былғары қолғап шеберлерінің әлемдік аренада шоқтығы биік екенін тағы да бір дәлелдеп берді. Шаршы алаңдағы жарқын жеңістер ел спорты тарихында алтын әріптермен сақталары анық. Ендеше осы аламандағы жекпе-жектерде қарсылас шыдатпай, жанкүйерлерге жаңа есім болып танылған жас былғары қолғап шеберіміз Жәнібек Әлімханұлымен арадағы сұхбатымызды ұсынамыз. Массагет порталына арнайы ат басын бұрған боксшымен тілдесудің сәті түскен-ді. 

Ассалаумағалейкум! Ең бірінші, қазақ боксына жарқ еткен жаңа есім болып келіп отырсыз. Өзіңіз туралы оқырмандарымызға мәлімет бере кетсеңіз?

- Мен Әлімханұлы Жәнібек 1993 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды ауылында дүниеге келгенмін. 8 сыныпқа дейін сол ауылда оқыдым. Одан кейін Алматыға келіп, спорт мектебіне оқуға түстім. Сол жерде жаттығып, ел біріншіліктеріне бардым. Жүлделі оралып, кейде жүлдеден қағылып қайтқан кездер де болды. 11 сыныптан кейін спорт және туризм академиясына түстім. Қазіргі таңда академияның ІІІ курс студентімін. ІІ курстан бастап ересектер арасындағы жарыстарға қатыса бастадым. Отбасыда екі ұлмыз. Ата-анам сол ауылда тұрады. Бір жарым жыл бұрын шаңырақ көтергенмін.

Боксқа деген қызығушылығыңыз неше жаста оянды? Жалпы осы спорт түріне баруыңызға не түрткі болды? Алғашқы бапкеріңіз кім?

- 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиадада Ермахан ағамыздың, марқұм Бекзат Саттархановтың өнерін теледидардан тамашалап, қызыққан болатынмын. Араға бір жыл салып, бокс үйірмесіне бардым. Нағашы атама жалынып жүріп, боксқа апаруын сұрадым. Қыңқылдап қоймаған соң ақыры атам спорт кешеніне ертіп апарды. Ең кішкентай болғаныма қарамастан қабылдандым. Сөйтсем, жалыққан соң өзі-ақ кетіп қалады деп ойлаған ғой. Өзімнен үлкендерден қалыспай, күні-түні жаттығу жасай бердім. Жалпы 3 сыныптан бастап жұдырық түйістіруге шындап ден қоя бастадым. Алғашқы бапкерім Мұрат Сиқымбаев деген кісі. Қазіргі таңда Алматы облысы бокс федерациясының президенті әрі «ЖерСу» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов ағамыз біздің ауылдасымыз болып келеді. Сол кісінің қолдауы арқылы келген Мұрат ағай ауылда 4 жыл баптады. Кейіннен қалаға қайттып кетті. Араға 1 жыл салып, мен де ауылдан кеттім. Кейіннен жаттығуларды үзбей, жасөспірімдер және студенттер арасында жүлделі орыннан көріне бастадым. Бұл менің жоғары өрлеуіме қанат бітірді.

Сіздердің ауылдарыңызда арақ-шарап сатылмайды дейді. Осыған біз сіз арқылы тағы бір көз жеткізсек дейміз?

- Басында ауылда бәрі де сатылды. Кейіннен Бауыржан ағамыз ауылға қолдау көрсете бастағаннан кейін, біртіндеп шөлмектердің мойны азайа бастады. Қазір дүкендерде арақ-шарап сатылмайды. Ішкісі келетін адам көрші ауылдан алып келіп ішеді. Ауылда спорт кешендері мен орталықтары бар. Дзюдо мен бокс үйірмесі бар. Бұйыртса көктемнен бастап футбол үйірмесі ашылмақ.

2012 жылы Қазақстан чемпионы атанғанға дейін, жасөспірімдер арасында екі дүркін ел чемпионы атандыңыз. Ереванда өткен халықаралық турнирде бақ сынадыңыз. Сонымен қатар, 2010 жылы Сингапурге құжаттарыңызды дайындап тұрып бара алмай қалған екенсіз. Одан кейінгі Баку бәсекесінен кейінгі сізге берілген демалыс психологияыңызға тоқырау түсірмеді ме?

- Жоқ, олай болмады. Баку бәсекесі мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Бәрі жақсы, ойдағыдай өтті. Ал Сингапурдегі жарысқа қатыса алмауымның да өз себептері бар. Пенде болған соң, пендешілік те, көре алмаушылық та қатар жүреді. Жол түспегеннен соң, амал қанша? Бірақ оған мойыған жоқпын. Қайта мен жаттығуларыма білек сыбана кірісіп, нәтижеге ұмтыла түстім.

Ең алғашқы ірі жарысыңыз бен азулы қарсыласпен рингке шыққан сәтіңіз есіңізде ме?

- Үлкен рингтегі мұндай жағдай  Азия чемпионатынан есімде қалыпты. Ең бірінші өзбек боксшысымен кездестім. Алдында Астанада ұлттық құрамалық бір кездесуде жеңген болатынмын. Бірақ ол да Азия чемпионы екен. Оны білмедім. Осы боксшымен өткізген жекпе-жегім қиынырақ болды. Одан кейін Әлем чемпионатындағы бірінші кездесуде әзірбайжан боксшысымен өткен жұдырықтасу оңай соқпады. Кезінде Бақыт Сәрсекбаевты, Қанат Исламды ұтқан боксшымен қиындау болды расында. Бірақ сескену деген болған жоқ. Ол да адам, мен де адам дегендей ғой. Рингке жүрексінбей шығу керек.

Жалпы Алматыда өткен Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуден кейін-ақ жанкүйерлер аузына іліктіңіз. Алайда кей жанкүйерлер мен спорт мамандары Жәнібек күшін үш раундқа толық бөліп жұмсай білуде жас екендігі байқалды. Соның салдарынан соңғы раундта шаршап қалып жатты деген пікірлер айтылды. Ал бұл туралы сіз не дейсіз?

- Ересектерге ауысу оңай болған жоқ. Жаттығулары да қиындап, күннен-күнге дайындықты шыңдай беру керек болды. Ересектерге ауысқаннан кейін Қазақстан чемпионаты, одан кейін Азия чемпионаты да өз әсерін тигізді. Азиядағы 5 кездесуім ауырлау болды. Көп күш жұмсадым. Ал Әлем чемпионатына дейін сол күшімді толық жинап ала алмадым. Көбісі шаршы алаңдағы жекпе-жектен шыққаннан кейін сенің өкпең өшіп қалды деп айтады. Бірақ,  ол – өкпе өшу емес. Мен секіріп, жүгіріп жатырмын. Бәрі жақсы, тынысым толық жетіп тұр. Тек күш қалмаған. Азия чемпионатына көп күшімді сарп етіп қойдым. Дегенмен өз жерімізде өткеннен кейін намысты қолдан бермейтінің анық. Әр кездесу алдында жанкүйерлерімді жерге қаратпаймын деген сеніммен шықтым.

Алматыда өткен Әлем чемпионаты сіздің есіңізде қалай қалды? Еліміздің Әнұраны шырқалып, жеңіс тұғырында тұрғаныңызда қандай сезімде болдыңыз?

- Қазақ жанкүйерлерінің қолдауы желпіндірді. Тұғырға көтеріліп келе жатқандағы жанкүйерлер қуанышы әлі көз алдымда тұр десем болады. Сол кезде кеудемді бір қуаныш кернеді. Әлі талай осылай елімді қуантамын деп өзіме сенім білдірдім.

Шаршы алаңда салмақ ауыстырып, өзіңіз ұнататын ашық жекпе-жек жүйеңізді өзгерту жоспарыңызда бар ма?

- Қазіргі таңда жоспарымда мұндай ой жоқ. 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиадаға дейін осы салмағымды ұстап тұрамын деп ойлаймын. Осы салмақта бақ сынағым келеді. Одан кейінгісін көре жатармыз. Ашық жекпе-жек өзіме ұнайды. Бұл туралы ойланбаппын.

Ал осы 75 келіде еліміздегі басты қарсыластарыңыз туралы не айтасыз? Олар кімдер?

- Бұл салмақтағы басты қарсылас деп кез келген қазақстандық боксшыны айта аламын. Өйткені қазақ боксы күннен-күнге дамып келеді. Қазақстанға Азияда тең келер қарсылас жоқ десем болады. Бізге Азия чемпионатынан бұрын, Қазақстан біріншілігін алу қиын болып кеткендей.

Егер былғары қолғап шебері болмасаңыз, қандай маман иесі болар едіңіз?

(Ойланып қалды...) «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой. Табар едік бір амалын. Дегенмен бокссыз өмірімді елестете алмаймын. Жақында аяқталған Әлем чемпионатынан кейін демалыс берді. Бір жеті демалдым. Бірақ боксты сағындым. Жүгіргім, жұдырықтасқым келіп тұрады. Сағынып қаламын. Бос уақытымда домбыра шертіп, гитара тартып ән айтамын. Аспаптардың құлағында шебер ойнамасақ та, демалыстарда бос уақытымды осылай өткізгенді қалаймын.

Жылан жылы қазақ спорты үшін жемісті жыл болды деп айта аламыз? Ал сіз үшін бұл жыл қалай өтті?

- Бұл жыл қазақ спорты үшін сәтті жыл болды. Биік белестерді бағындырды. Бұрын жетпеген жетістіктерге жетті. Басында Азияны жеңсек жетеді деп жүрген едік, қазір әлемдік деңгейге шығып кетіппіз. Мен үшін де 2013 жыл сәтті өтті. Келер жыл да осындай сәттілігін сыйласа деймін.

Әңгімеңізге рақмет!

Жәнібек Әлімханұлының үлкен жеңістері мен болашағы әлі алда. Әлі талай байрақты бәсекелерде көк Туымызды биікте желбіретіп, Әнұранымызды асқақтата беретініне сенім білдіреміз!

 Сұхбаттасқан: Өмірбек Сансызбай

Сурет: Шерхан Талап

Ө. Сансызбай