Мадонна Майк Тайсонмен бірге ән шырқады

Мадонна Майк Тайсонмен бірге ән шырқады

Кәсіпқой бокста әлемді мойындатқан әйгілі боксшы Майк Тайсон танымал әнші Мадоннамен бірге ән шырқады. Бұл туралы америкалық әнші facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлаған.

2014 жылдың желтоқсан айында Мадонна «Rebel Heart» деп аталатын жеке альбомы шығатынын хабарлаған еді. Сонымен қатар, альбомға қандай әндері кіретінін де жазған. Бүгін альбомға енетін «Iconic» деп аталатын әнді боксшы Майк Тайсонмен бірге шырқайтынын мәлімдеді. Одан өзге әнді орындауға әнші Ники Минаж бен рэпер Чанслер Беннетт те қатысады екен.

Мадонна «Rebel Heart» деп аталатын жаңа альбомын жарыққа ресми түрде наурыз айында шығармақ. Қазіргі таңда альбомға енетін он тоғыз әннің алтауы ғаламторда тарап үлгерді.

Айта кетейік, бокс тарихында өшпес атын қалдырған Майк Тайсон 2005 жылы спорттық мансабын аяқтағаннан кейін, түрлі іс-шараларға қатысуда белсенділік танытып келеді. Өзінің автобиографиялық кітабын да жарыққа шығарды. Қазіргі таңда промоутерлік қызметпен қоса фильм мен телебағдарламаларға қатысудан қашқан емес. Бүгінде америкалық боксшы түскен фильм мен бағдарламалардың саны 55-тен асып жығылады екен. 

Сурет: өңделген

О. Сансызбай