Зүлфия Чиншанло бүгін туған күнін тойлап жатыр

Зүлфия Чиншанло бүгін туған күнін тойлап жатыр

Өмірдерек

Зүлфия 1993 жылы 25 шілде күні дүниеге келген. Яғни, бүгін оның туған күні. Халықаралық Олимпиада комитетінің деректері бойынша Зүлфия Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ, орыс және қытай тілдерін біледі. Ал, қытай деректері бойынша оның туған жері – Қытайдың Ху Нан өлкесі Иоң Жоу ауданы. 9 жасында спорт мектебіне кіріп, ауыр атлетикамен айналыса бастаған. 14 жасында Қазақстанға қоныс аударып, есімін Зүлфия деп өзгерткен. 2009 жылы Кореяда өткен ХХ кезекті ауыр атлетикадан әлем чемпионатында 53 келі салмақ дәрежесі бойынша 219 килограмм салмақ көтеріп бас жүлдені жеңіп алған. 2010 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2011 жылы ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында 53 келі салмақ дәрежесі бойынша 227 килограмм көтеру нәтижесімен әйелдер арасында жаңа әлем рекордын тіркеді.

2012 жылы Лондон Жазғы Олимпиадасында тағы сол 53 келі салмақ деңгейінде 229 килограммдық нәтижемен жаңа әлем рекордын орнатты.

Ақпараттық тайталас

Зүлфия Чиншанло Лондон Жазғы Олимпиадасынан алтын алқа алғаннан кейін Қытай еліндегі кей ақпарат құралдары оның Қытайда туғаны, Қытай азаматы екені, түптің-түбінде Қытайға қайтып оралатыны жайлы жарыса жазып, 2016 жылы Жазғы Олимпиада ойындарында Қытай атынан жарысқа баратынын айтқан-ды.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы өкілдері бұл ақпаратқа таңырқағандарын айтып, Зүлфия Қытайға тек қыдыруға ғана кеткен және жақын арада оралуы тиіс деген мәлімдеме берді. 2012 жылдың 27-ші қазан күні Зүлфия Қытайдан Қазақстанға оралды. Оны Алматы әуежайынан жеке жаттықтырушысы Виктор Ни күтіп алды.

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

сурет: ifeng.com

M. Auelkhan