Бразилия құрамасын таңдамағандар...

Бразилия құрамасын таңдамағандар...

Ла-Лигада Криштиану Роналдумен үзеңгі қағыстыра үздік сұрмерген атанып келе жатқан «Атлетико Мадрид» командасының шабуылшысы Диего Коста Испания ұлттық құрамасының намысын қорғауды жөн санап отыр.

Испания азаматтығын алған футболшыны қазан айында аталған елдің ұлттық құрамасы өз сапына шақырды. Ал ол осыған дейін Бразилия құрамасы қатарында алаңға шығып екі жолдастық кездесуде (Ресей мен Италия) өнер көрсеткен де болатын. Алайда Диего ФИФА атына арнайы хат жазып, Висенте дель Боске командасында ойнауды жөн деп тапты. 25 жастағы футболшының айтуынша, «мен Бразилияда туылғаныммен, Испания маған көп дүниені үйретті. Спорттық мансабымның айқын куәгері – Испания» деп отыр. Ал футбол тарихында дәл осындай оқиғалар болмаған емес, болған. Бірінде Бразилиядан шақырту алмаса, бірінде футболшылар таңдамаған...

Эдуардо да Сильва


1983 жылы Рио-де Жанейрода дүниеге келген футболшы 17 жасында Хорватияға қоныс аударған. «Динамо Загреб» сапында жүріп көзге іліккен шабуылшы лондондық «Арсенал» сапында да доп тепті. 2010 жылы донецкілік «Шахтер» командасына ауысып, қазіргі таңда аталған клуб намысын қорғап жүр. Ол Бразилия ұлттық құрамасын таңдамай, «шақпақ жейделілер» намысын қорғауды жөн санаған. Футболшы Хорватия ұлттық құрамасы сапында 53 кездесу өткізіп, 26 рет көзге түскен.

Тиагу Мотта


Каталондық «Барселона» командасының түлегі Тиагу Мотта Сан-Паулу қаласында туған. Еуропаның алпауыт «Барселона», «Атлетико», «Интер» және «Дженоа» сынды клубтарында өнер көрсеткен жартылай қорғаушы 2003 жылы Бразилия құрамасының сапында КОНКАКАФ кубогы жолындағы тартысқа қатысқан. Кейіннен Италия азаматтығын алған Тиагу Мотта аталған елдің намысын қорғауға бел буған. «Скуадра Адзурра» құрамында 18 кездесу өткізіп, 1 рет көзге түскен жартылай қорғаушы қазіргі таңда «ПСЖ» командасында тер төгіп жүр.

Тьяго Алькантара


Шыққан тегі бразилиялық болып келетін Тьяго Алькантара Бразилия құрамасының намысын қорғаған футболшы Мазиньюдың ұлы. Спорттық мансабын «Фламенго» жастар клубынан бастаған жартылай қорғаушы кейіннен «Барселона Атлетик» пен «Барселона» намысын қорғады. Осы жылғы трансфер кезеңінде мюнхендік «Бавария» қатарын толықтырды. Ол әкесі Мазиньюдың жолын қумай, Испания ұлттық құрамасында доп тебуді қалады.

Донато


Бразилияда дүниеге келген Донато Испания құрамасында өнер көрсеткен. Онда да ол ұлттық құрамаға 32 жасында шақырту алып, 1996 жылы Англияда өткен Еуропа чемпионатында Испания құрамасының намысын қорғаған. Алғашқы алтын жүлдесіне 37 жасында қол жеткізген. Ол Испания Ла-Лигасындағы 35 жастан кейін ерекше ойынымен көзге түскен футболшылардың санатына жатады.

Джеронимо Мария Баррето Клаудемир да Силва (Какау)


Какау деген есіммен футболсүйер қауымға таныс Германия құрамасының намысын қорғаған шабуылшының тегі бразилиялық болып келеді. Ол Сан-Паулуға жақын маңдағы Сан-Андре қалашығында дүниеге келген. 2010 жылы «Штуттгарт» командасымен 3 жылдық келісім-шартқа отырған футболшы, қазір аталған клуб сапында тер төгіп жүр. Бразилия емес, неміс құрамасын таңдаған шабуылшы 22 рет алаңға шығып 6 голды қарсылас қақпасына тоғытқан екен.

Кеплер Лаверан Лима Феррейра (Пепе)


Пепе деген лақап атпен танымал «Реалдың» орталық қорғаушысы да Бразилияда дүниеге келген. 18 жасында Португалияның «Маритиму» жастар командасына келген Пепе кейіннен «Портудың» негізгі ойыншысына айналды. 2007 жылы «корольдік клуб» Пепені өз қатарына қосып алды. Қазіргі таңда «Реал» намысын қорғап жүрген футболшы сол жылдан бастап Португалия ұлттық құрамасында ойнауды жөн санаған. Ол осыған дейін ұлттық құрама жейдесінде 55 кездесу өткізіп, 3 рет көзге түскен.

Маркос Сенна 


2006-2008 жылдары Испания ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен шыққан тегі бразилиялық футболшы Маркос Сенна «Вильярреал» командасы құрамында 9 жыл тер төкті. 292 кездесуге қатысқан жартылай қорғаушы 55 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген. Қазіргі таңда АҚШ-тың «Нью-Йорк Космос» командасында доп теуіп жүр.

Андерсон Луис де Соуза (Деку)


Футболсүйер қауымға Деку деген есіммен танымал шыққан тегі бразилиялық футболшы Португалия ұлттық құрамасының намысын қорғады. Оны Бразилия құрамасы шақырмады. Ол Португалияда 6 жыл тұрғаннан кейін аталған елдің азаматтығын алуды жөн деп тапты. Алғашқы кездесуінде ол дәл Бразилия құрамасына қарсы ойынға шықты. 8 минут алаңда өнер көрсеткен жартылай қорғаушы гол соғуға уақыт таба білді. Қазіргі таңда Деку Португалия құрамасы тарихында үлкен жетістікке жеткен үздік футболшылардың қатарында. Еуропаның алпауыт «Бенфика», «Порту, «Барселона» және «Челси» командаларында жасындай жарқыраған футболшы спорттық мансабын Отанына оралып, «Флуминенсе» клубында аяқтады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, sport-xl.net, wikipedia.org

Ө. Сансызбай