«Астана» велокомандасы UCI рейтингінің 16-сатысына сырғыды

«Астана» велокомандасы UCI рейтингінің 16-сатысына сырғыды

Қазақстандық «Астана» велокомандасы Халықаралық велоспортшылар ұйымының (UCI) жаңартылған нұсқасында 16-сатыға төмен сырғыды.

Өткен айдың қорытындысы бойынша «Астана» велокомандасы 13-сатыда орналасқан болатын. Бірақ, елордалық команда ақпан және наурыз айларында қатысқан жарыстарында жақсы нәтиже көрсетпегендіктен, 16-сатыға түсіп қалды. Бұл айда халықаралық велоспортшылар ұйымы жасаған тізімнің бірінші орыны британиялық «Sky» командасына бұйырыпты. Екінші орында бельгиялық «Blanco pro cycling team» командасы. Үздік үштікті Garmin қорытындылап тұр.

Сондай-ақ, велоспорттан Қазақстан ұлттық құрамасының да жағдайы мәз емес. Біздің жігіттер жаңартылған рейтингте «Астана» командасы секілді 16-орынға жайғасыпты. Ұлттық құрамалар арасындағы рейтингтің бірінші сатысында - Италия құрамасы. Екінші орында Нидерланды құрамасы болса, үшінші орында - АҚШ құрамасы.

Жекелей көрсеткіштер бойынша бүгінгі таңда еліміздің үздік шабандозы Максим Иглинский екен. Ол жалпы тізімде 31-сатыда. Ал австриялық велошабандоз Ричи Порте бұл тізімнің көш басында. Нидерландылық Том Слагтер екінші, америкалық шабандоз Андрю Талански үшінші орында тұр.

 Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: vesti.kz 

 

Ю. НИКУЛЛИН