"Тур де Франсты" бағындарған қазақстандық шабандоздар
Фото: VeloDAILY

"Тур де Франсты" бағындарған қазақстандық шабандоздар

"Астана" велокомандасының шабандозы Алексей Луценко беделді "Тур де Франс" көпкүндік жарысының алтыншы кезеңінің жеңімпазы атанды. Бұған дейін қазақстандық шабандоздардың арасында "Тур де Франст" жеңіске жету тек Александр Винокуровқа бұйырған екен.

2003 жылы немістің Team Telekom командасының сапында өнер көрсетіп жүрген Александр Винокуров "Тур де Франстағы" алғашқы жеңісіне жетті. Қазақстандық шабандоз Ле-Бур-д'Уазаннан басталып Гап қаласына дейін жалғасқан тоғызыншы кезеңде мәре сызығын бірінші кесті. Ал көпкүндіктің қорытындысы бойынша жалпы кестеде үшінші орынға жайғасты. 

Араға екі жыл салып Александр Винокуров жетістігін тағы қайталады. "Тур де Франстың" он бірінші турында ол ұлттық чемпион жейдесінде топ жарды. Спринтерлер кезеңі саналатын 21 турда Александр Винокуров тур көшбасшыларын шаң қаптырып, екінші мәрте жеңіске жетті. 

2007 жылы Александр Винокуров "Астана" сапында өнер көрсетіп жүрген уақытында "Тур де Франстың" екі кезеңін жеңіп алды. 5 турда жарақат алғанына қарамастан 13 және 15 кезеңге қарсыластарын артта қалдырды. Алайда кейін анықталғандай шабандоздың жарыс алдында тапсырған допинг-тесті оң нәтиже көрсетті. Осыған байланысты команда жарыспен қош айтысып, екі жыл үлкен додалардан шеттетілді.

Александр Винокуров 2010 жылы үлкен спортқа оралған соң "Астана" сапында "Тур де Франста" тағы жеңіке жетті. 13 кезеңде ол қарсыластарын шаң қаптырып, мәре сызығын бірінші кесті. 


Міне, араға 10 жыл салып қазақстандық шабандоз "Тур де Франст" кезеңінде жеңіске жетті. Алексей Луценко Ле-Тейден Мон-Эгуальға дейін 191 шақырым қашықтықты  4 сағат, 32 минут және 34 секунд нәтижесімен бірінші келді. Бұл қазақстандықтың "Тур де Франстағы" алғашқы жетістігі.

А. Рысдәулет