Қанат Ислам:

Қанат Ислам: "Головкиннің бойында қазақтың асыл қасиеттері бар"

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 2 жылға жуық үзілістен кейін шаршы алаңға оралды. Отандасымыз 5 шілде Алматыда Qazaq Promotions ұйымдастыратын бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтасуға шығады.

"Qazaq" деген лақап атпен танылған қазақ боксшысы 2017 жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. Одан кейінгі жекпе-жегін былтыр 23 маусымға белгілеген. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалды.

Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында Qazaq Promotions ресми баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесу барысында біраз сұраққа жауап беріліп, басты жекпе-жекте шаршы алаңға шығатын Қанат Ислам өз жоспарларымен бөлісті.

Халің қалай, Қанат?

Қазақ жанкүйерлері боксшының жекпе-жектерін сағынғаны рас. Өзі де боксты жаны сүйеді, шаршы алаңды сағынғанын жеткізді. Мансабын аяқтапты деген сөздер де жиі айтылды. "Бұрынғы қалпына келуі қиын" - деп айтып жүргендер де бар. Бірақ, Қанат бәрін жеңдім дейді.

- Жарақатымнан толықтай айықтым. 1 жыл дәрігерлермен, танымал мамандармен кеңесіп дайындалдым. Бокс - бұл өмір. Өмір секілді бұл спорт түрінде де түрлі жағдайлар болады. Қуанышы мен қайғысы бірге жүреді. Өзімде бәрі ойдағыдай. Дайындықты жоғары деңгейде өткізіп жатырмын. Жеке жаттықтырушым бар. Ұжым болып бір мақсатта жұмысты бастадық. Ендігі іс - қолымыздан келгенше, шамамыз жеткенше өнімді жұмыс істеу, - дейді боксшы.

Қанат Ислам Геннадий Головкин бақ сынайтын салмақ дәрежесі бойынша кәсіби мансабын жалғамақ. Яки, 160 фунт салмақ (72, 5 кило) дәрежесінде бақ сынайтын болады.

Бірақ бұрынғы қалпына жете ала ма? Әлде асып түсе ме? Бұл сауал да қойылмай қалған жоқ.

- Мұның барлығы адамның ойы ғана. Бәрі бастағы миға қатысты. Біреу біреуге "сен осындайсың" деп баға береді. Ал анау "мен негізі сондай екенмін" деп санасына қабылдап алады. Әр адам өзінің не істей алатынын жақсы білу керек. Өз деңгейімді жақсы білемін.

Мен тәуекелге бардым. Ары қарай енді мансабымда жеңіс бола ма, жеңіліс бола ма, ол жағы беймәлім. Бокста бір соққы бәрін шешіп кетуі мүмкін. Әрбір күнімді бекер өткізбей, жаттығуға арнаудамын. Бір Жаратқанға, одан кейін өзімнің маңдай терімнің, еңбегімнің алдамайтынына сенемін. Қалған дүниеге сенбеймін, - деп ойын ашық жеткізді.

Қанша жасқа дейін жұдырықтаспақ?

Қанатты көпшілік мансабын аяқтап үлгерді деп ойлады. 2 жыл аз уақыт емес. Бірақ боксшы бойында күш-қуат барда мансабын аяқтауға асықпайды.

- Хопкинс 51 жасында да бокстан кетті. Бұл спорт түрінде жас емес, адамның ойы, мінезі мен ұстанымы маңызды. Мансабын 20 жаста аяқтап кеткендер де бар. Қанша жасқа келсе де энергиясы мол боксшылар да бар. Оның үстіне тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жатқанда, біздің бойымыздан энергия табылмаса, онда ана бабамыз батыр болған, күшті болған деп айтып қайтеміз? Бізде қазір спортпен шұғылдануға бар жағдай жасалған. Еңбектеніп, тер төгіп, неге жетістік шыңын бағындырмасқа? - дейді.

Қарсылас қашан белгілі болады?

Алматыдағы бокс кешіне қазақстандық 10 боксшы шығады. Біразының қарсыластары анықталып үлгерген. Қанаттың қарсыласымен келіссөздер жүргізілуде екен. Боксшы WBO жүйесі бойынша әлем чемпионы атағына қол созбақ. Қарсыласы да осы ұйымда үздік 15-ке енетін боксшының бірі болуы мүмкін. Ұйымдастырушылар 10 күн ішінде анықталатыны жайлы айта кетті. Сондай-ақ боксшының менеджері Эгис Климас елімізге WBO комиссиясын ерте келмек екен.

Головкин Роллсты жеңетініне күмәнім жоқ

Қанат Ислам 9 маусым күні Геннадий Головкин жеңіске жететініне сенеді. Стив Роллс отандасымыз үшін көп қиындық тудырмайды деп ойлайды.

- Мен спортшы ретінде Головкинға сенемін. Қарсыласына мүмкіндік бермейді деп ойлаймын. Жаңа жаттықтырушымен жұмысын бастады. Оның бойында нағыз қазақтың асыл қасиеттері бар. Кішіпейіл, табанды, қажымай еңбектенеді. Оның осы бір қасиеті кейінгі боксшыларға үлгі. Оның жеңіске жететініне күмән келтірмеймін. Тек қана сәттілік тілеймін, - деді Қанат.

Алматыда Мадияр Әшкеев те шаршы алаңға шығады

Бокс кешінде Қанаттан кейінгі маңызды жекпе-жектердің бірін жуырда ғана АҚШ-та NABF Junior (Солтүстік Америкадағы бокс федерациясы) чемпиондық белбеуін иеленген Мадияр Әшкеев өткізеді. осыған дейін кәсіпқой бокста 11 жекпе-жек өткізді. Барлығында жеңіс жетіп келеді.

Қанат пен Мадиярдан өзге бокс кешінде Абылайхан Хұсайынов, Руслан Мырсатаев, Сапарбай Айдаров, Арман Рысбек сынды боксшыларымыз шаршы алаңға шығады. Баспасөз жиынына келген боксшылар жанкүйерлерді қолдау мен тамашалауға шақырды.

Боксшылардың қарсыластары анықталғанда қосымша хабарлайтын боламыз.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

5G жайлы 5 миф
5G жайлы 5 миф
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Бауырдың қабынуы
Бауырдың қабынуы
Айдын Рахымбаев коронавирус жұқтырғандарды тегін емдейтін орталықтар ашпақ
Айдын Рахымбаев коронавирус жұқтырғандарды тегін емдейтін орталықтар ашпақ
Қоғам белсенділері тыныс алу аппаратын өңір-өңірге таратуда
Қоғам белсенділері тыныс алу аппаратын өңір-өңірге таратуда
iPhone 12-нің бағасы қанша?
iPhone 12-нің бағасы қанша?