Головкин - Альварес шаршы алаңға шығатын кеште жұдырықтасатын боксшылар

Головкин - Альварес шаршы алаңға шығатын кеште жұдырықтасатын боксшылар
Фото: allboxing.ru, boxing-mma.com, ToFight.Ru,today.kz

Орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы бокс кешінің андеркартында шаршы алаңға шығатын барлық боксшылар белгілі болды.

GGG мен "Канело" шаршы алаңға көтерілгенге дейін 8 жекпе-жек өтеді. Қазіргі таңда оның 7-і жұбы белгілі.

15 қыркүйек күні Лас-Вегастағы "T-Mobile" аренада өтетін бокс кеші кіл мықтыда кім мықтыны анықтайтын болады. Себебі көпшілігі кәсіпқой бокста танылып үлгерген тәжірибелі тісқаққан спортшылар.

Канадалық боксшы Давид Лемье есімі қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. 2015 жылдың 17 қазанында отандасымыз Геннадиймен жұдырықтасқан. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек 8 раундта жерлесіміздің жеңісімен аяқталған. Одан бергі аралықта канадалық 6 кездесу өткізіп үлгерді. Головкин мен Альварес арасындағы бокс кешінің андеркартында ирландиялық Гэри О'Салливанмен (28-2, 20 КО) жұдырықтасады. Жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған.

Бірінші орта салмақта WBO чемпиондық атағына ие мексикалық Хайме Мунгуйя (30-0, 25 КО) канадалық Брэндон Кукқа қарсы кездесуде өз атағын қорғайтын болады. Канадалық боксшы қазақ жанкүйерлерінің есінде болса керек. Ол 2017 жылы Астанада Қанат Исламмен жұдырықтасқан болатын. 9 раундта отандасымыз нокаутпен жеңген еді. Бұл Брэндонның спорттық мансабындағы жалғыз жеңілісі.

Салмақ дәрежесіне тәуелсіз Р4Р рейтингінде бір кездері көш бастаған никарагуалық боксшы Роман Гонсалес (46-2, 38 КО) те 15 қыркүйектегі бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Қарсыласы - мексикалық Мойсес Фуэнтес (25-5-1, 14 КО). Екінші жеңілірек салмақта өтетін жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған.

Головкин мен Альварес жұдырықтасатын кеште қыздардың да шайқасын көретін боламыз. Жартылай абсолютті чемпион (WBC, WBA (Super), IBF және IBO) норвег Сесилия Брекхус (34-0, 9 КО) өз атақтарын поляк қызы Александра Магдзяк Лопеске (18-4-3, 1 КО) қарсы жекпе-жекте қорғайтын болады.

Сондай-ақ жартылай орта салмақта америкалық Вирджил Ортис - кішісі (10-0, 10 КО) пен мексикалық Роберто Ортистің (35-3-2, 26 КО) жекпе-жегін тамашалайтын боламыз. Дәл осы салмақта тағы бір америкалық боксшы Алексис Рочи (11-0, 8 КО) мексикалық Карлос Сервантеспен қолғап түйістіреді. Ал Франциско Эспарзаның (АҚШ) (8-0-1, 3 КО) қарсыласы әзірге белгісіз.

Геннадий Головкин Сауль Альвареске қарсы өтетін жекпе-жекте чемпиондық атағының барлығын қорғайтын болады.

Ө. Сансызбай