Киберспорт. Ермек пе әлде спорт па?

Киберспорт. Ермек пе әлде спорт па?
Фото: qcf.kz, gambit.gg, esekeev.kz

Киберспорт – миллиондаған аудиториясы бар, коммерциялық тұрғыда өте әлеуетті спорт түрі. Онымен тұрақты айналысатындар киберспортты ақыл-ой мен ұшқырлықтың ойыны деп атайды. Физикалық белсенділікті еш талап етпейтін киберспорт ермек пе әлде расымен спорт түрі ме?

25 маусымда Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі киберспортты ресми түрде спорт деп танып, Qazaq Cybersport Federation атты киберспорт федерациясының жұмысына кіріскенін мәлімдеді. Қазақстанда бұл федерацияның 9 филиалы жұмыс істеп, халықаралық жарыстарға қатыспақ. Қазақстаннан бұрын бұл спортты біраз батыс елдері мен Қытай, Үндістандар мақұлдап үлгерген. Компьютерлік спорт немесе электронды спорт сияқты атаулары бар бұл спорт түрі АҚШ-тан бастау алады. 1997 жылы Cyberathlete Professional лигасы құрылып, Quake ойыны негізінде жарыс ұйымдастырылды. Бұл ойын тек индивидуал дисциплина ретінде тарады. Кейін лига кооперативті жарыстарға көшті де, Doom 2 ойынын ойната бастады. Бірақ киберспорттың нағыз кемелденген шағы Counter Strike симуляторының кең таралуымен тұспа-тұс келеді. Әлі күнге дейін ең көп ойналатын бұл ойын функционалдығы жағынан киберспортшыларға қолайлы болды. Нәтижесінде Cyberathlete Professional League 2001 жылдан бастап Counter Strike симуляторын негізгі ойын ретінде қабылдады.

Қазір киберспорт әлемінде одан өзге біршама ойындар бар. Ең көп таралғандары: Dota 2, Call of Duty, League of Legends, Starcraft 2 және Counter Strike-тың соңғы нұсқаларының бірі – CS:GO.

Әлемде киберспортты өз тізімдеріне қоспаған букмекерлік кеңсе аз шығар. Себебі түрлі кәсіби және әуесқой лигаларға, кубоктарға ақша тігетіндер баршылық. Оған қоса киберспорт аудиториясы жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы Trackdota.com дерегі бойынша The International 2015 финалын интернет-трансляция арқылы 4,6 миллион адам бақылаған. Бұл көрерменнің басым бөлігі – киберспортшылар немесе потенциалды болашақ ойыншылар. Ал тұрақты айналысатын ойыншылар саны 385 миллионға жеткен.

 ÐšÐ°Ñ€Ñ‚инки по запросу team liquid the international 2017Team Liquid – The Intercontinental 2017 чемпиондары

Ірі жарыстардың жүлде қоры да аз емес. Мысалы Valve компаниясы ұйымдастыратын The International жарысының 2017 жылғы жүлде қоры – 25 миллион доллар. Бұл сома жылдан жылға өсе береді. Оған биыл 15 тамызда өтетін The International 2018-де куә боламыз. 

Ойыншылар киберспортты спорттық дисциплина санайды. Оны спорт деңгейіне көтеріп тұрған интеллектуалдық қыры, бапкерлердің болуы, психологиялық дайындықтың керектігі және тұлғааралық қатынастың болуы. Расымен, киберспорт ұжымдық дайындықты қажет етеді. Алдын-ала құрылған тактикасыз, дайындық пен машықсыз командалық жеңіске жету қиын. 

Ердәулет Нұрсейіт – киберспортшы

Осы орайда алматылық киберспортшы Ердәулет Нұрсейіттің пікірін білген едік:

"Киберспортты нағыз спорттық дисциплина ретінде тануға негіз бар. Киберспортқа бап керек, машық керек. Жарыстарға жаттығып, қолды үйретіп бару міндетті саналады. Киберспорт көп қимылды талап етпейді, бірақ ойыншылар кәдімгі спортшылар жаттығуға жұмсайтын уақыттан да көп дайындалады. Компьютер спортының өзіме ұнайтын тұсы оған мүмкіндігі шектеулі адамдар және мүгедектер де қатыса алады. Бастысы – ақыл-ой ұшқырлығы". 

Қуанышбек Есекеев – Qazaq Cybersport Federation басшысы

Аккредитация алған жаңа федерацияның басшысы болып Қуанышбек Есекеев тағайындалды. Ол өз Facebook парақшасында киберспорттың қандай маңызға ие екенін жазды: 

"IT саласы үшін киберспорт – цифрлы болашақтың кілті. Компьютер алдында шыңдалған бүгінгі жас – ертеңгі цифрлы экономиканың көшбасшысы. Бұл спорт арқылы біз Қазақстан брендін қалыптастырамыз, ірі жарыстар ұйымдастырып, туристер тарта аламыз. Болашақта федерация үлкен жеңістерімен қуантатынына сенеміз". 

Киберспорт ойыншылары оны спорттық дисциплина ретінде немесе үлкен табыс пен атақ үшін бастамағаны анық. Әр ойыншы өзінің сүйікті ойынын ойнап, достарымен уақыт өткізіп шыңдалды. Ал барынша көп күш пен уақыт жұмсап, жаттыққандары біршама жетістікке жетіп те жатыр.

Gambit Esports – PGL Major Kraków турнирінің жеңімпазы

Мысалы 2017 жылы қазақстандық Gambit Esports командасы CS:GO дисциплинасында PGL Major Kraków турнирінің жеңімпазы атанып, 500 мың доллар сыйақы иеленді. 

Талай талантты энтузиаст ойыншыларды біріктірген киберспорттың өз әлемі қалыптасып үлгерді. Қазақстан сол әлемнің бөлшегі атанып жатқаны қуантпай қоймайды. Ендеше әлемдік аренада қазақстандық киберспортшылар әлі де биік жеңіс тұғырына көтерілетініне бек сенімдіміз.

Massaget.kz