- Негізгі бет
- Маккала
- Головкин мен Альварестің...
Головкин мен Альварестің промоутерлері екінші жекпе-жек келіссөзін бастады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта WBA (Super), IBO, WBC және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Геннадий Головкин мен мексикалық боксшы Сауль Альварестің промоутерлері екінші жекпе-жекке қатысты келіссөздерді бастады. Бұл туралы Канело жаттығатын Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының негізін қалаушы Оскар Де Ла Хойя хабарлады.
- Біз Том Леффлермен келіссөз жүргізуді бастадық. Екінші жекпе-жек болғанын күтіп жүрміз. Кез келген танымал боксшы жыл бойы VADA тексеруінен өтіп тұруы керек. Бұл спортты допингтен тазартудың бірден-бір жолы.
Біз екінші жекпе-жекті ұйымдастыра аламыз деп ойлаймын. Қазір Канело мен Головкин бір-бірін жақтырмайтыны рас. Сондықтан екінші кездесу қызық болады деп ойлаймын. Араларында бір-біріне деген нағыз өшпенділік бар. Егер қыркүйек айында өтетін болса, нағыз қиян-кескі шайқас болары сөзсіз. Қандай жағдай болса да, Канело қыркүйек айында шаршы алаңға шығады.
Біз үлкен кедергіден өттік. Енді ешқандай ақталу болмайды. Головкин жекпе-жекке шыққысы келеді. Канело да қарсы емес. Жанкүйерлер де бұл кездесуді қайта көргісі келеді. Сондықтан бұл жекпе-жекті ұйымдастыруға күш салатын боламыз, - деді Оскар Де Ла Хойя ESPN басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші кездесу 5 мамырда өтуі тиіс еді. Мексикалық допинг сынамадан өте алған жоқ. Нәтижесінде отандасымызға Ванес Мартиросянмен жұдырықтасуға тура келді. Ал 6 ай бокстан шеттетілген Сауль Альварестің жаза мерзімі тамыз айының орта тұсында аяқталады.
GGG мен Канело арасындағы екінші жекпе-жек өтпейтін болса, отандасымызға қарсылас атануы мүмкін 7 боксшы жайлы осыған дейін жазған болатынбыз.
О. Сансызбай