Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғап қалды

Геннадий Головкин чемпиондық атағын қорғап қалды
Фото: forbes.kz

WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC аталымының чемпионы белбеуінің иегері отандасымыз Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) америкалық боксшы Ванес Мартиросянмен (36-3-1, 21 КО) жұдырықтасып, екінші раундта-ақ нокаутпен жеңіске жетіп, чемпиондық атағын қорғап қалды.

Алғашқы раундта ширақ қимылдаған Ванес айқасты бірінші нөмірмен бастап, Геннадиге 1-2 соққы дарытты. Өз кезегінде отандасымыз бірінші раундты жемтігін аңдыған жыртқыштай қарсыласының осал тұстарын аңдумен өткізді. Екінші раундта Головкин өзінің мәнеріне салып алғашқы секундтардан-ақ шабуылмен бастап, Ванеске бірнеше соққы берді. Нәтижесінде, отандасымыз қарсыласын накаутпен жеңіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.

Геннадий Головкин осымен жиырмасыншы рет чемпиондық атағын қорғап, отыз сегізінші жеңісіне жетті. «Los Angeles Times» мәліметіне қарағанда Головкин бұл жекпе-жектен 2 миллион долларға жуық алады. Ал, Канеломен болатын рематчтан 30 миллион доллардай алатын болған.

Жекпе-жектен кейін Головкин Ванеске шаршы алаңға шыққанына алғысын білдіріп, болашақта өзімен қарсылас атануы мүмкін болғандардың бәрімен жекпе-жек өткізуге дайын екенін ескертіп, шаршы алаңға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, отандасымыздың бұл жекпе-жегі мексикалық боксшы  Саул Альвареспен (49-1-2, 34 КО) жоспарланған болатын. Бірақ, бұрын жазғанымыздай Мексикалық боксшының допинг-сынамасынан кленбутерол табылған. Бұл препарат адамға бұлшықет көлемін өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың салмақ қосуы үшін де пайдаланылады екен. Мексикалық боксшы осыдан кейін 6 ай уақытша бокстан шеттетілген еді. Мерзім тамыздың 17-сінде аяқталады. Қос боксшы арасындағы рематч қыркүйек айында өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Т. Раушанұлы