Қазақстанның жазғы Универсиададағы жетістіктері көңіл қуантады

Қазақстанның жазғы Универсиададағы жетістіктері көңіл қуантады

Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында ХХVIII жазғы Универсиада ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 6 алтын, 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 11-ші орын алды.

Жазғы Универсиада ойындары (студенттер арасында) екі жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. 2013 жылы бұл жарыс Ресейдің Қазан қаласында өтсе, биыл Оңтүстік Корея жерінде байрағын желбіретті. Кванджуда өткен додаға 146 мемлекеттен 13 000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен медальдар жиынтығын сарапқа салды. Бұл додаға Қазақстан құрамасы сапында 95 спортшы аттанды.

Кванджудағы дода Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті. Алты спортшымыз жеңімпаз тұғырынан көрініп, отандастарымыз жазғы Универсиададағы ел құрамасы иеленген алтын медаль саны (6 алтын) бойынша рекорд орнатты. Қазақстан құрамасы бұған дейінгі үздік көрсеткішке 2007 жылы Бангкокта (Тайланд) өткен Универсиадада қол жеткізген еді.

Қазақстан құрамасы жазғы Универсиада ойындарына алғаш рет 1993 жылы қатысты. Егемен елдің алғашқы жүлдесін (күміс медаль) үш қарғып секіру спортынан Олег Сакиркын иеленді. Одан бергі аралықта Қазақстан құрамасы жазғы Универсиададан шет қалған жоқ. Тек 1997 жылы Сицилия (Италия) мен 1999 жылы Пальма-де-Мальоркадан (Испания) қоржынымыз бос қайтты.

Қазақстан құрамасы қатысқан 12 жазғы Универсиада ойындарынан барлығы 18 алтын, 32 күміс, 40 қола жүлде еншіледі. Ең көп алтын медальды бүгін аяқталған Кванджудағы додада иеленсе, медальдар саны бойынша 2013 жылы өткен Универсиадада жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген. Қазанда өткен Универсиадада отандастарымыз барлығы 30 медаль иеленген болатын.

Қазақстан құрамасының жазғы Универсиададағы жалпыкомандалық есеп бойынша ең жоғарғы көрсеткіші – 11-ші орын. Алғаш рет қазақстандық спортшылар 2007 жылы Бангкокта (Тайланд) өткен додада 5 алтын, 4 күміс, 7 қоламен 11-ші орын алса, биыл да 11-ші орынды місе тұтты. Ал ең төменгі көрсеткіш 2011 жылы Шеньчженде өткен Универсиадада тіркеліпті. Ол кезде Қазақстан құрамасы 3 күміс, 3 қоламен 44-ші орынға тұрақтаған.

Биыл елімізден Оңтүстік Кореяға аттанған 95 спортшының 6-ы Универисада чемпионы атанса, 4-і қола медаль жеңіп алды. Қазақстан ұлттық құрамасына алғашқы алтын жүлдені жүзуші Дмитрий Баландин (жүзу, 100 метр, брасс) сыйлады. Осыдан кейін ол брасс әдісімен 50 метр қашықтыққа жүзуде қола жүлде ұтып алды.

Қазақстанның Универсиададағы «жарық жұлдызына» айналған жеңіл атлет Виктория Зябкина команда қоржынына 3 алтын жүлде салды. Ол жекелей сында 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруде чемпион атанса, командалық эстафетада (4х100) Анастасия Талапина, Светлана Иванчукова және Юлия Рахмановамен бірге үшінші рет жеңімпаз тұғырынан көрінді. Таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев пен сырықпен секіруші Никита Филиппов та ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салды. Ал, тағы үш қола жүлдені дзюдошы Жанар Қашқын (70 келі) мен стендік атудан ерлер және әйелдер құрамасы иеленді.

Кванджудағы жазғы Универсиада ойындарында жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Корея спортшылары бірінші орыннан көрінді. Олар өз елінде 47 алтын, 32 күміс, 29 медаль иеленді. Екінші орынды Ресей құрамасы (34 алтын, 39 күміс, 49 қола) алса, үштікті «аспан асты елінің» спортшылары (34 алтын, 22 күміс, 16 қола) түйіндеді.  

Қазақстанның жазғы Универсиададағы жетістіктері көңіл жұбатады. Ал қысқы Универсиададағы жетістігіміз де жоқ емес. Биыл Гранада (Испания) мен Штрбске-Плесода (Словакия) өткен жарыста отандастарымыз жалпыкомандалық есепте үшінші орын (5 алтын, 6 күміс) алды. Бұл көрсеткіш - Қазақстан құрамасының өз тарихындағы ең ірі жетістігі.

Айта кетейік, 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындары Алматы қаласында өтеді. Қазақстан құрамасының спортшылары өз тарихындағы ең ірі жетістігін жаңарту жолында тер төгетіні анық. Қазіргі таңда Универсиаданың құрылыс жұмыстарына бюджеттен 139 миллиард теңге бөлініп, жұмыстар жасалуда. Алатау бөктеріндегі аламанға 4 000-ға жуық спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Спортшылар 13 спорт түрі бойынша медальдар жиынтығын сарапқа салады. 

О. Сансызбай