Премьер-лига. «Ақтөбе» алғаш рет ұтылды

Премьер-лига. «Ақтөбе» алғаш рет ұтылды
Фото: fcirtish.kz, fckfqrat.kz

Футболдан ел премьер-лигасының ХХ тур ойындары да мәресіне жетті. Бұл турда жанкүйерлер күтпеген жаңалықтар мен тосын сыйлар көп болғаны рас. Назарларыңызға ойындардың нәтижелері туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз.

ХХ тур ойындары үш күнге созылды. Бірінші ойын Қостанайда «Тобыл» мен «Астана» арасында өтіп, командалар тең тарқасты. Ойында Игорь Бугаев пен Фокси Кетевоама гол соқты. Нәтижесінде ел чемпиондары Чемпиондар лигасы алдында 2 ұпай жоғалтты.

11 шілде күні Қарағандыда «Шахтер» мен «Ертіс» арасында кездесу өтіп, 1:1 есебі тіркелді. «Кеншілер» бірінші болып есеп ашқанмен, жеңісті уыста ұстап қала алмады. Ал Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында «Таразды» екі доп басымдығымен ұтты. Ойында Лука Роткович пен жақында ғана клуб сапын толықтырған Сергей Гридин гол соқты. Нәтижесінде Владимир Мұқанов шәкірттері алғашқы алтылыққа кіру мүмкіндіктерін қалт жібермеді.

Еуропа лигасын бірінші іріктеу кезеңінде аяқтаған шымкенттік «Ордабасы» Талдықорғанда жергілікті «Жетісудан» ойсырай жеңілді. Жанкүйерлер Виктор Кумыков шәкірттері ірі есеппен ұтылады деп күтпеген еді. Ойында Душан Савич, Руслан Галиакберов пен Бауыржан Тұрысбек гол соғып, көзге түсті.

ХХ турдың басты жаңалықтарының бірі - «Ақтөбенің» жеңілісі. Еуропа лигасындағы сәтсіздіктен кейін клуб ел премьер-лигасында да сәтті өнер көрсете алмады. Павлодарда «Ертіске» ұтылды. Сондай-ақ бұл маусымда алғаш рет есе жіберді. Осыған дейін «Ақтөбе» ұтылып көрмеген болатын. Ал Дмитир Дмитров жаттықтыратын керекулік клуб алғашқы алтылыққа ену мүмкіндігін сақтап қалды. Ойында команданың португалиялық легионері Карлос Фонсека қосымша уақытта гол соқты.

Алматының «Қайраты» трансфер кезеңінен кейін құрамын күшейткені рас. Украин Анатолий Тимощуктың клуб сапына ауысуы – трансфердегі басты жаңалықтардың бірі болды. Кеше өткен ойында дәл сол Тимощук клуб капитаны болып алаңға шықты. 78 минутқа дейін (одан кейін Бауыржан Исламхан алаңға кіріп капитандық қызметін атқарды) капитан қызметін атқарған украиналық легионердің ойыны жанкүйерлер көңілінен шықты. Ал Анатолий Тимощукпен бірге келісімшартқа қол қойып, клуб сапына келген Джордже Деспотович бірінші ойынында алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Сондай-ақ Ұлан Қонысбаев та сәтті өнер көрсете білді.

ХХ турда соғылған голдар

ХХ тур қорытындысы бойынша «Ақтөбе» көш басындағы орнын сақтап қалды. Ал 3 ұпайды қоржындарына салған «Қайрат» екінші орында келеді. Екі клубтың арасын бір ұпай ғана бөліп тұр. Үштікті 37 ұпаймен «Астана» қорытындылауда.  

Турнир кестесі

 Орын  Клуб Тур  Жеңіс  Тең ойын  Жеңіліс  Доп айырмасы  Ұпай 
1  "Ақтөбе" 20 11 8 1 25-11 41
2  "Қайрат" 20 12 4 4 40-13 40
3  "Астана" 20 10 7 3 36-17 37
4  "Атырау" 20 9 9 2 25-17 36
5  "Ордабасы" 20 8 8 4 19-15 32
6  "Оқжетпес" 20 8 2 10 22-29 26
7  "Ертіс" 20 6 8 6 24-23 26
8  "Тараз" 20 7 2 11 17-23 23
9  "Тобыл" 20 6 4 10 20-29 22
10  "Қайсар" 
20 3 8 9 11-22 17
11  "Жетісу" 20 3 5 12 14-29 14
12  "Шахтер" 20 3 3 14 13-38 12

 

О. Сансызбай