Жоғалған «Манчестер Юнайтед» немесе Мюнхен трагедиясы

Жоғалған «Манчестер Юнайтед» немесе Мюнхен трагедиясы
Фото: tvc.ru

Футбол тарихындағы ең ауыр қайғы арқалаған апаттардың бірі – Мюнхен трагедиясы. Осыдан дәл 57 жыл бұрын күллі ағылшын жұртшылығы мен спорт жанкүйерлері қара жамылып, қан жылаған еді. Нақтылап айтсақ, 1958 жылдың 6 ақпанында «Манчестер Юнайтед» командасы мінген ұшақ Мюнхен әуежайында апатқа ұшырап, жолаушылардың тең жартысы ажал құшқан болатын.

1958 жылы «Манчестер Юнайтед» командасы Еуропа чемпиондары кубогы ойындары аясында «Црвена Звезда» командасымен кездеседі. Өз алаңында ұтқан команда қарымта ойында 3:3 есебімен тең түскен. Бұл сол кезде «Басби балалары» деген атаққа ие болып жүрген команданың соңғы ойыны болды. Белградтағы кездесуден қайтап келе жатқан клуб Мюнхенде ұшаққа жанармай құю үшін тоқтайды. Сол тоқтағаннан ұшақ әуеге көтеріле алмай апатқа ұшыраған.

Команда соңғы ойын алдында

Оқиға соңынан команда мінген ұшақтың апатқа ұшырауына әуе кемесі капитаны Джеймс Тейн кінәлі саналды. Ол ұшақ қанатындағы мұз бен қозғалтқыштарды тексермеген деген айып тағылды. Бірақ, ол жазықсыз болатын. Оның бар қателігі – ұшақ екі рет ұша алмаған соң, үшінші рет ұшуға бұйрық бергені. Джеймс Тейн апат орын алғаннан 10 жылдан кейін ғана ақталып шықты. Апаттың себебі – ұшақтың ұшу жолын қалың қардың жауып қалуы мен бір қозғалқышының дұрыс жасамауы болған. Соның салдарынан ұшақтың әуеге көтерілуіне жылдамдығы жетіспеген. Нәтижесінде бір қанатымен жер бауырлап жақын маңдағы ғимаратқа соғылған.

Апатқа ұшыраған ұшақ

Оқиғаны команданың қорғаушысы Билл Фоулкс былайша еске алады: « Біз Белградтан Мюнхенге дейін карта ойнап келдік. Ұшақтан шыққанымызда күн өте суық болатын. Бірінші ұшу сәтсіздігінен кейін көбісінің карта ойнауға зауқы болмады. Ұшақ екінші рет әуеге көтеріле алмағаннан кейін жолаушылар қорқа да бастады. Төрт сағаттан кейін бізді қайта шақырып, үшінші рет ұшатынын хабарлады. Ары қарай бәрі бұлыңғыр, бірақ мен кімнің қайда отырғанын әлі ұмытқан жоқпын». Футболшы апат орын алған сәтті де күрсіне еске алады: «Ұшақтың артқы бөлігі қас-қағым сәтте ізім-ғайым жоғалды. Мен орнымнан тұра сала басым ауған жаққа жүгіре бердім. Ұшақ жарылады деп ойладым. Бірақ, қатты жарылыс болған жоқ. Гари Грегг көмегімен қайта келіп тірі қалғандарға көмектестік. Кейіннен бәрімізді жақын маңдағы ауруханаға жеткізді. Онда бас бапкер Мэтт Басби мен біраз ойыншылар жатыр екен. Дәрігерден қалғандары қайда деп сұрадым? Ол қалғандардың барлығы осында деп жауап берді».

Апат алаңы

24 сағаттан кейін бүкіл Еуропа Мюнхен трагедиясынан хабардар болды. 40 жолаушы мен 4 ұшақ экипажының 21-і апат алаңында, 2-еуі ауруханаға барар жолда қаза тапты. Ертесіне дүниеден озған ойыншылардың денесі Манчестерге жеткізіліп, жерленді. Жерлеу рәсіміне футболшылардың ағайын-туыстарынан өзге мыңдаған жанкүйерлер де келді. Бірақ, қаза тапқан жандардың ет жақындары барлығын жерлеу рәсіміне кіруге рұқсат берген жоқ. Олар сырттай ғана бақылап, тек егілумен болды. Ал сол күні қаланың такси жүргізушілері ойыншылармен қоштасуға келген жанкүйерлерге тегін қызмет жасады.

«Манчестер Юнайтед» командасына ағылшын чемпионатындағы барлық командалар көмек қолын созды. Барлық ойындар бір минут еске алумен басталды. Англия футбол қауымдастығы команданы жоғарғы лигада сақтап қалу үшін ережелерді шегер тұрып, жаңа команда жасақтауына мүмкіндік берді. Нәтижесінде Мюнхен трагедиясына 13 күн өткеннен кейін «Олд Траффордқа» футбол қайта оралды.

«Манчестер Юнайтед» Англия Кубогы ойындары аясында «Шеффилд Уэндсей» командасын қабылдады. Ақпанның суық күнінде ойынға 60 000-нан астам жанкүйер жиналған. Ойын алдында барлығына апат туралы парақшалар таратылған. Ал екінші бетіне команданың бос құрамы жазылған сызба салыныпты. Жанкүйерлер оны өздері толтырулары керек болатын. Бірақ, олар алаңдағы қақпашы Гари Крегг пен қорғаушы Билл Фоулкстан басқа ешкімді танымайтын еді. Қаралы киінген қаралы топ ойынға қарап жүректері қан жылап тұрды...

Ойында «Манчестер Юнайтед» қарсыластарынан 3:0 есебімен басым түсті. Қонақ команданың бас бапкері ойынның өте ауыр болғанын айта келе «Юнайтед бүгін керемет ойнады. Нағыз жеңіске лайықты өнер көрсетті. Біз бүгін 11 ойыншыға қарсы емес, 60 000 адамға қарсы тұрдық. Бұл өте ауыр болды» - деп қысқа қайырыпты.

Мюнхен трагедиясында футболда енді танылып келе жатқан жеті ойыншы мерт болды. Ағылшын ұлттық құрамасының 2 футболшысы сол апаттан алған жарақаттарына байланысты үлкен спортқа қайта орала алмай кетті.

2003 жылы команданың сол кездегі даңқты ойыншыларына арнап Мюнхенде еске алу тақтасы ашылды. 2011 жылы оқиғаға қатысты фильм де түсірілді. Сонымен қатар, «Олд траффорд» стадионында «Мюнхен сағаты» орнатылған. Онда 1958 жыл, 6 ақпан деп жазылып, сағат тілі 14:20 минутта тоқтап қалған. Бұл сағат сол уақытта қыршынынан қиылған қаншама жас өмірді еске алып тұрғандай...

Оқи отырыңыз

«Манчестер Юнайтед» стадионын тышқандар «жаулап» ала бастады

Бес секундта да гол соғуға болады (видео)

Әлемдегі ең бай футбол клубтарын білесіз бе?

Ө. Сансызбай