"Бәйтерек" командасы біріншіліктің көшбасшысын жеңіп кетті

"Бәйтерек" командасы біріншіліктің көшбасшысын жеңіп кетті

Астаналық "Бәйтерек" командасы ішкі біріншіліктің бесінші турында турнирдің көшбасшысы саналатын "Ақтөбе Жас" командасын жеңіп кетті. 

21 мамыр күні "Астана-Аренада" өткен ойын 2:0 есебімен аяқталды. Ескерте кетсек, "Ақтөбе Жас" командасының сапынан негізгі қатардағы алты ойыншы ойнамады. Себебі, олардың үшеуі ұлттық құрамаға шақырылса, қалғандары Бразилияда оқып-үйреніп жүрген кезекті жаттығуда ойламаған жерден жарақат алып қалған болатын. Сонда да ойын барысында "Аққтөбе Жас" командасы қанша қорғанып баққанымен, "Бәйтерек" командасы Аян Құсайынов пен Бейбіт Тәтішевтің қос голының арқасында жеңісті жұлып алып кетті. Сөйтіп біріншіліктің бесінші турында "Бәйтерек" командасы сегіз ұпаймен жетінші орынға орналасты.

Еске салсақ, "Бәйтерек" командасы 2012 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының спорт және туризмді дамыту агенттігімен құрылған еді. Команда сапын "Оле Бразил" академиясында тәлім алып жүрген қазақстандық жас ойыншылар толықтырған. Қазіргі таңда командада 26 ойыншы, оның 15-і аталған академияның түлектері. Ал қалған ойыншылар еліміздің түкпір-түкпірінен шақыртылды. Команданы Бразилиялық тренерлік штаб жаттықтырады.

Штабтың негізгі мақсаты жап-жас, өрімдей ойыншыларды ұлттық құрамаға дайындау. Ішкі біріншілікте тізе қағыстыруға әлі балаң саналған ойыншылардың үлкен ойындары әлі алда.

Сурет: tengrinews.kz

Л. Лига