Мәнерлеп сырғанауда қандай секіру түрлері бар?

Мәнерлеп сырғанауда қандай секіру түрлері бар?

Мәнерлеп сырғанау спортындағы секіру әдістері жайлы бірінші материалымызда тулуп, флип және лутц әдістері туралы жазған едік. Ендігі кезек сальхов, Риттбергер және Аксель әдістеріне келді.

Сальхов


Бұл әдіс қабырғалы әдістердің ішіндегі ең оңайы болып саналады. Әдіс атауы швед спортшысы Ульри Сальхов есіміне берілген. Бұл әдісті ол 1909 жылы орындаған екен. Екі рет айналмалы әдісті ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары тағы да шведтік Йиллис Графстрем орындаған. Ал Ронни Робертсон есімді спортшы үш айналмалы сальховты 1955 жылы орындай алды. Соңында төрттік сальховты 1998 жылы Тимоти Гейбл орындады.

Ал қыздар бұл әдісті орындайтын болса әділ-қазылардың пікірінше, қыз қылығына жатпайтын іс болып есептеліпті. Себебі секіру кезінде қыз балалардың киімі жоғарыға көтеріліп қалады екен. Бұл оқиға 1920 жылы болады. Онда америкалық Тереза Вельд осы әдісті орындаймын деп ұятты болған екен. Десе де, 1936 жылы 15 жастағы спортшы қыз Сесилия Колледж екі реттік сальховты орындап берді. Ал кейін 1959 жылы чехослав спортшысы Яна Мразкова үш реттік сальховты бағындырды.

Ал 2002 жылы Микки Андо төрттік сальховты орындай алды. Әйел адамдар бұдан кейін мұндай жетістікке қол жеткізбей келеді.

Әдіс техникасы өте қарапайым: секіру үшін спортшы артқа қарай бағыт алып өз осінен ішке қарай бұрыла секіреді, ал жерге секірерде сілтеген аяғымен түсуі керек.

Риттбергер

Көпшіліктің әдіс термині ретінде атап кеткен атауы риттбергер болса да, ағылшындар әлі күнге дейін бұл әдісті луп (loop – ілмек) деп атап жүр. Әдісті тұңғыш рет неміс спортшысы Вернер Риттбергер 1910 жылы орындапты. Екі реттік риттбергер әдісін кімнің жасағаны белгісіз екен, ал бірінші үш реттік риттбергер әдісін 1952 жылғы Олимпиадада Дик Баттон жасаған, қыздар арасында даңқты Ютта Мюллердің шәкірті Габи Зайферт 1968 жылы бағындырған.

Орындалу техникасына келсек, спортшы оң аяғымен артқа қарай сырғып келеді де бос аяғы ішке қарай бұрылып, секіріс жасайды. Ал жерге түскенде орындаушы оң аяғын тіреуі керек.

Аксель

Аксель – ең қиын әдіс болып саналады. Себебі орындаушы жоғарыдағы өзге әдістерде артқа қарай секірсе, мұнда алға қарай секіреді. Бұл әдіс, сонымен қатар, айналу реті жарты болып есептелетін жалғыз әдіс болып саналады. Мәселен, бір аксель дегеніміз – бір жарым рет айналу. Ал үш аксель – үш жарым рет айналу.

Бір қызығы, ең қиын әдіс ең ерте әдіс екен. Норвегиялық спортшы Аксель Паульсен 1882 жылы тұңғыш рет орындап, әдіс соның атымен аталып кетіпті. Десе де ол бұл әдісті жүгіруге арналған конькимен орындаған. Ал жарыстарда аксельді тұңғыш рет орындаған Дик Баттон. Ол бұл әдісті 1948 жылы қысқы Олимпиадада жасапты. Ал канадалық спортшы Верн Тейлор үш реттік айналмалы аксельді 1978 жылы қатемен орындаған. Ал Александр Фадеев үш реттік аксельді 1981 жылы мінсіз орындай біліпті. Төрт реттік айналмалы аксель әлі күнге ешкімнің қолынан келер емес. Көп уақыт бойы аксель тек еркектердің секіру әдісі болып саналып келген. ХХ ғасырдың ХХ жылдары бірінші рет аксель орындаған қыз Соня Хени. Ал 1963 жылы Кэрол Хейсс екі реткі айналмалы аксельді орындаған бірінші әйел болып тарихта таңбаланды. Ал үштік аксельді орындаған қыз бала – Мидори Ито. Жапондық спортшы ең қиын әдісті 1988 жылы бағындыра білген. Бұл аңызға бермес жеңіс болып саналады. Десек те, үш реттік айналмалы аксель қазіргі таңда ер адамдар үшін міндетті саналатын жаттығу екен.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vesti.kz

А. Құлтай