Футбол тарихындағы қымбат трансферлер

Футбол тарихындағы қымбат трансферлер

Worldsoccer.about.com сайты футбол тарихындағы ең қымбат он трансферді ұсынуда...

Британдық сайттың жүргізген санағына сенсек, лондондық «Тоттенхэмнің» жартылай қорғаушысы Гарет Бейлдің мадридтік «Реал»сапына ауысып баруы әдемдегі ең қымбат трансфер саналады екен. Аталған трансфер 2013 жылдың жазында орын алып, мадридтіктер 24 жастағы валиялық ойыншы үшін 100 млн еуро қаражат жұмсаған болатын.

Екінші орында - Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду мен француз жартылай қорғаушысы Зинедин Зиданның "карольдік клуб" сапына ауысып баруы.

Трансферлердің үздік ондығы


1. Гарет Бейл - 100 миллион еуро ( «Тоттенхэмнен» «Реалға»)

Бір клубты бір өзінің шеберлігімен сүйреп жүрген ойыншыға көптің көңілі ауған еді. Бір маусымда отыз доп соғатын, тұрақты ойын өрнегі бар талантты жігіт "Реалда" ойнауы тиіс болатын. Криштиану Роналдудың бір нәтижелілігіне арқа сүйеймін деп, өткен маусымды сүреңсіз аяқтаған мадридтіктер бұл жолы есе жіберіп қалмауға тырысты. 

Карло Анчелотти тағы бір сұрмерген ойыншыны қатарына қосты. 


2. Криштиану Роналду - 94 миллион («Манчестер Юнайтедтен» «Реалға»)

Роналдудың корольдік клубқа ауысуы 2008 жылдың қыс айынан басталып, 2009 жылдың жазында аяқталды. Екі жақтың келісімге келуі де ұзаққа созылды. Ал ойыншының өзі болса: ""Реалда" ойнау - менің ең үлкен арманым" деп айтудан еш жалыққан жоқ. Сонымен футболшының арманы орындалып, ол 2009 жылдың жазында атақты "Сантьяго Бернабеуді" бағындыруға Мадридке келді.   

Ол клубқа келе салысымен, әлемдегі үздік футболшылардың бірі екендігін көрсетті. Ол біз ойнайтын футбол симуляторындағы ойыншылар сияқты гол салудан шаршамады. Рекорд үстіне рекорд орнатумен болды. Оның бұл ойыны клуб үшін де үлкен жарнама болды. Алайда ол "МЮ" қатарында жүріп ұтып алған ЧЛ кубогын "Реал" сапында әлі күнге дейін ала алмауда. Мүмкін футболшы жақын болашақта өз арманын іске асырып қалар. 


3. Зинедин Зидан - 75 миллион («Ювентустан» «Реалға»)

XXI ғасырдың басындағы футбол әлемі үшін осындай қаржыға футболшы сатып алу дегеннің қиял болғаны анық. Алайда оны ақиқатқа айналдырған сол Мадридтің "Реалы". Бұл оқиғаның айтулы қаһарман ойыншысы 29 жасар Зинедин Зидан. 1998, 2000 және 2003 жылдардағы әлемнің үздік футболшысы "Реалға" чемпиондар Лигасының кубогын алып берді. "Байерге" қарсы өткен финалдық матчта Зизудың соққан голы көпшіліктің есінен кете қоймаған шығар?   


4. Златан Ибрагимович - 69 миллион («Интерден» «Барселонаға»)

Швед футболшысы Златан Ибрагимович те кезінде Интерден Барсаға қомақты қаржыға ауысып келген болатын. Алайда "Интерде" жасаған ерлігін "Барселонада" толықтай қайталай алды деп айта алмаймыз. Ол Барсадағы жылдарын: "Маған өз ойынымды көрсетуге мүмкіндік берілмеді. Месси тек орталық шабуылда ойнағанды қалады. Ибрагимович соның құрбанына айналды. Ал Гвардьола болса футболшыларға өз сөзін жүргізе алмаушы еді. Оның қалағаны болмады",-деп есіне алады. Ал Пеп Гвардиола болса ол жөнінде: "Ибрагимович - өзімшіл. Ол біздің командағы сіңісіп кете алмады",-дейді. Осылайша швед ойыншысына жұмсалған үлкен қаржы каталониялық клубқа үлкен көмегін тигізді деп айта алмайсыз. 

5. Кака - 68 миллион ( «Миланнан» «Реалға»)

Төрт жыл бұрын бразилиялық ойыншы корольдік клубқа дәл осындай қаржыға ауысып келген еді. "Реал" оны клуб ойынына үлкен дем береді деп ойлағаны анық. Шыны керек, "Реал" үшін ол кезде әлемде одан асқан талантты ойыншы болған жоқ. Сонымен "Какаға" жұмсалған ақша ақталды ма?

Өкінішке орай жоқ. Ойыншы жарақаттар мен психологиялық проблемалардан көз ашпады. Ақыр соңында клуб дарынды бразилиялықты жоғалтып тынды. Бір сөзбен айтқанда Каканың ойыны "Реалда" жүрмеді. Қазір ол "Миланға" қайтуды жоспарлап жүрген көрінеді. Бәлкім кезінде жасындай жарқылдаған клубы бұл жолы да оған сәттілік алып келер? Не десек те, барлық мәселенің шешімін биылғы трансферлік маусым көрсетеді. 


6. Эдисон Кавани - 64 миллион («Наполиден» "ПСЖ"-ға)

Кавани француз клубымен жылына 10 миллиондық табыспен 5 жылдық келісімге отырған болатын. 

Бұрынғы командасы «Наполиге» ойыншыны сатуда 64 миллион еуро пайда түскен көрінеді. (қосымша сыйақыны есептегенде). Осылайша Италияның А Сериясының экс-шабуылшысы Лига 1 чемпионатындағы ең қымбат ойыншы атанды. 


7. Луиш Фигу - 62 миллион («Барселонадан» «Реалға»)

Португалиялық дарын Луиш Фигудың Мадридке қалай ауысқаны көпшілік жанкүйердің есінде болар. Екі бірдей ұлы клубта ойнауға шешім қабылдаған Фигудың абыройы Каталонияда жұрдай болды. Бірақ ол корольдік клубқа келе салысымен көшбасшыға айнала білді. Португалиялық ойыншы "Реалмен" бірге чемпиондар Лигасын ұтып алды. Ал "Барсада" ол мұндай жетістікке жете алмаған еді. Алайда сол баяғы каталониялықтарға жасаған "опасыздығы" оған кейінгі чемпионаттарда да маза бермеді. 


8. Радамель Фалькао - 60 миллион («Атлетикодан» «Монакоға»)

Биылғы маусымнан бастап "Монако" футбол клубының ойыншысы атанған Радамель Фалькао өзінің дәл осы ұжымды таңдағанына еш өкінбейтінін және сыншылардың көбі болашақта өз сөздерін қайтып алатындықтарын айтты.

Маусым аяқталысымен әлемнің ең үздік шабуылшыларының бірі 27 жасар колумбиялық Испанияның "Атлетико" клубынан "Монакоға" ауысып келген болатын. Ал "Монако" өз кезегінде Францияның 1 Лигасына биыл ғана оралғандықтан, көпшілік мамандар Фалькаоның бұл шешімін құп көрмей, оны ақшаға бола осындай қадамға барды деп айыптаған еді.


9. Фернандо Торрес - 58 миллион («Ливерпульден» «Челсиге»)

Фернандо Торреске жұмсаған осы қаржы Челсидің тарихындағы ең тиімсіз жасаған келісім ретінде қарастырылады. Ливерпульде жұлдызы жарқыраған футболшы "ақсүйектерге" келіп өз білгенінен жаңылғаны рас. "Ливерпульде" мамандар оны қатты сыйласа, жанкүйерлер оны жақсы көрді, ал қарсыластары одан ығатын еді. Ал "Челсиге" келісімен барлығы да өзгеріп сала берді. Мамандар күлсе, жанкүйерлер мазақ қылды, қарсыластары қорықпайтын болды. Биылғы маусымда соққан 23 голы да, клубтың Еуропа Лигасын ұтып алуы да жағдайды өзгерте қойған жоқ. Торрес бәрібір де клуб тарихындағы ең сәтсіз трансфер болып қалды. 

10. Неймар - 57 («Сантостан» «Барселонаға») 

Неймар «Барселонамен» бес жылдық келісімшартқа отырған болатын. "Барселона" командасының қатарында Неймар жылына жеті миллион еуро көлемінде айлық алып тұрады.

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: suricat.com.ua 

Л. Лига