Ел футболындағы елеулі жаңалықтар

Ел футболындағы елеулі жаңалықтар

Премьер-лига клубтары жаңа маусымға қызу дайындығын бастап кетті. Көбісі қатарларына жаңа ойыншылар қосып жатса, енді бір клубтар шет елдерде оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Келер маусымдағы команданың негізгі құрамындарын жасақтауда. Мұның барлығы бапкерге артылған зор жүк болатыны анық. Қазіргі трансфер кезеңі де команданың күшін арттыруға бір септігін тигізбек. Бұл жолда да ел клубтарының басшылығы еңбектеніп жатқаны белгілі.

«Ақтөбе» Түркияда жүр


Владимир Никитенко командасы дәл қазіргі уақытта Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Александр Сидельников, Петр Бадло, Сергей Давыдов, Тимур Кападзе, Алдан Балтаев, Александр Гейнрих сынды негізгі құрам ойыншылары жаттығуға қатысуда. Ал командадан Сергей Ковальчук кетеді. Бұл осыған дейін мәлім болған-ды. Ел чемпиондары келер маусымда еурокубоктың топтық кезеңіне өтуді басты назарға алып отыр. Ал команданың қорғаушысы Роберт Примус Түркияға аттанбады. Ол 21 қыркүйекте «Астана» командасына қарсы кездесуде жарақат алған болатын. Футболшы наурыз айының басында Ақтөбеге оралады.

«Астана» Біріккен Араб Әмірлігінде жаттығып қайтады


Елорданың «Астана» футбол клубы Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиынын өткізуге аттанып кетті. Жаттығулар екі кезең бойынша өтпек. Негізгі құрам ойыншыларымен қатар, үш жас талантты футболшыны да ала кетті. Олар: қорғаушы Әбілқайыр Исмайлов, жартылай қорғаушылар Азат Смағұлов пен Жұмажан Мұсабеков. Сонымен қатар, «Астана» командасының қарауында жүрген Дмитрий Шомко мен Серікжан Мұжықов та командамен бірге аттанды. Оқу-жаттығу жиыны 5-і мен 20-шы қаңтар аралығын қамтиды. Ол жақта үш жолдастық кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Қайрат» қазақ футболшыларымен толығуда


Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Владимир Вайсс осыған дейін командадан кететіні белгілі болған Руслан Сахалбаев, Жамбыл Көкеев және Рауан Сариев секілді футболшылардың орнын толтыра бастады. Қазіргі таңда командаға еліміздің жас талантты футболшылары Шерхан Бауыржан, Аслан Дарабаев, Ермек Қуантаев және Бауыржан Исламхан қосылатын болды. Бұл аталған 4 футболшы да еліміздің премьер-лигасында өздерін көрсетіп үлгерді. Дегенмен команда мен Бауыржан Исламхан арасында толыққанды келісім орын алған жоқ. Футболсүйер жанкүйерлерге есімі таныс десек болады. Өткен маусымда негізгі құрамда ойнаса да жарақатына байланысты алаңға шыға алмай жүрген Самат Сымақов қана қара көздеріміздің қатарында болды. Кей кездесулерде Жамбылдың да тәуір ойындарын көзіміз шалды. Руслан Сахалбаев та «Қайратқа» қажетті ойыншы еді. Алайда бас бапкердің бір білгені бар шығар. Еуропа Лигасында бақ сынайтын алматылық командаға көбірек тер төгу керек. Клуб қатарын толықтырған футболшылар негізгі құрам ойыншыларымен бірге жақында Түркияға оқу-жаттығу жиынына аттанады.

«Шахтер» жаттығуы 9 қаңтарда басталады


Қарағандылық «Шахтер» командасы алғашқы оқу-жаттығу жиынын 9-29 қаңтар аралығында Түркияның Анталья қаласында өткізеді. Клуб өткен маусымдағы негізгі құрамның бірнеше ойыншыларынан айрылды. Олардың қатарында Геворг Казарян, Рохер Каньяс сынды футболшылар бар. 2014 жылғы маусымға дайындығы барысында «кеншілер» бірнеше жолдастық кездесулер өткізеді.15.01.14 – «Насаф» (Қаршы, Өзбекстан);

19.01.14 – «Луч-Энергия» (Владивосток, Ресей);

19.01.14 – «Шленск» (Вроцлав, Польша);

22.01.14 – «Хрватски Драговоляц» (Хорватия);

26.01.14 – «Заря» (Луганск, Украина);

28.01.14 – «Ягеллония» (Белосток, Польша)

«Ордабасы» осал қарсылас болмайын деп тұр


Шымкенттің «Ордабасы» командасы жаңа маусымға жаңа құраммен шығу үшін клубты футболшылармен толықтыруда. Келер маусымда команда сапын толықтырған ойыншылар өз деңгейінде өнер көрсетер болса, алғашқы үштікке ілінетін ұжымдардың біріне айналуы ықтимал. Виктор Пасулько командасынан Андрей Карпович кетті. Ол енді келер маусымда «Атырауда» ойнайды. Дегенмен бұл футболшының орнын толтырар легионерлер келуде. Олардың қатарында «Барселона» түлегі Уго Лопес Мартинес бар. Команда бұл футболшымен келісімшартқа әлі қол қойған жоқ. Сонымен қатар бұрын «Миланда» доп тепкен Мохаммед Саар да шымкенттік команда да ойнауы мүмкін. Өткен маусымда «Таразда» ойнаған Мануэль Курто мен Диакате де «Ордабасыға» ауысуы ықтимал.  Украинаның «Кривбасс» командасында ойнаған жартылай қорғаушы Дариян Матич пен германиялық қазақ Нәби Фелиз команда құрамында сынақтан өтуде. Қазіргі таңда команда Түркияда оқу-жаттығуын өткізуде.

«Ертіс» оқу-жаттығуын бүгін бастайды


Павлодардың «Ертіс командасы алғашқы оқу-жаттығуын бүгін Түркияда бастайды. Клубтың бас бапкері Талғат Байсуфиновтың айтуынша, команда түрік жерінде 3 жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Бүгін команда сапын Владислав Елаков толықтырды. Оқу-жаттығу жиындарына команда қарауында жүрген легионерлер мен «Ертіс» командасының жас таланттары аттанды.

«Тобыл» да топ бастауға дәмелі

Өткен маусымда екінші алтылықта қалып қойған қостанайлық «Тобыл» жаңа маусымды жаңа құраммен бастамақ. Команда сапын черногориялық Андрия Делибашич пен Бауыржан Омаров толықтырды. Тағы да бірнеше ойыншы команда қарауында жүр. Осыған дейін 27 желтоқсан күні түріктің «Понясспор» командасына қарсы ойнаған команда 2:0 есебімен жеңіске жетті. Екінші оқу-жаттығуын да команда 6-22 қаңтар аралығында Түркияда өткізеді. Бұл жаттығу кезінде 4 жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Олар бразилиялық «Моги Мирим», әзірбайжандық «Гавал», ресейлік «Мордовия және украиналық «Таврия» командалары.  

«Атырау» командасы да дайындық үстінде


«Атырау» командасы жаңа маусымға дайындық барысында бірнеше ойыншымен толықты. Премьер-лигада алғашқы Пиреней түбегінің ойыншысы осы клубта өнер көрсетпек. Фаусто Жорже Диас Лоренсумен қатар, жақында команда Андрей Карповичпен де толықты. Қазіргі таңда футбол ұжымы Түркияда оқу-жаттығуын өткізуде. Команда 17 қаңтарға дейін түрік жерінде жаттығады.

«Жетісу» де Түркияда жүр


Талдықорғанның «Жетісу» командасы да 4 қаңтардан бастап Түркияда дайындықтарын шыңдап жатыр. Бас бапкер Омар Тетрадзе командаға жаңа ойыншыларды іздестіруде.

«Таразға» Тілешев қайтып келуі мүмкін


«Тараз» футбол клубы елімізге талай талантты түлектерді танытты. Өткен маусымда премьер-лигадан шығып қалу қауіпі туған ұжым бұл маусымда барын салуға дайындалып жүр. Бас бапкер Арно Пайперстің мамандық шеберлігі тағы бір сыналатын маусым жақындап келеді. Жақында клубқа Мұрат Тілешовтың қайтып оралатыны туралы ақпараттар тараған болатын. Әзірге белгісіз. Клуб 15 қаңтардан бастап Түркияда оқу-жаттығуын өткізеді.

«Қайсарды» не күтіп тұр?


Премьер-лигаға қайта оралған қызылордалық «Қайсар» жаңа маусымға дайындығын бастап кетті. Клуб қазіргі таңда екінші оқу-жаттығуын Түркияда өткізуде. Негізгі құрам ойыншылары іріктелуде. Арнайы жаттығулар мен ойын тәсілдерін жүзеге асыруда. Командада жаңа құрам жасақталуда. Түрік жерінде 4 жолдастық кездесу өткізуді жоспарлауда. Олар түркиялық «Қарақұмық», ресейлік «Мордовия» және «Волга», бразилиялық «Моги Мирим» командалары.

«Спартак» жаттығуын 10 қаңтардан бастайды


Премьер-лигаға жаңадан қосылған Семейдің «Спартак» командасы 10 қаңтар күні оқу-жаттығу жиындарын бастайды. Айдың соңына дейін команда Түркияда дайындықтарын пысықтап келеді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, vesti.kz, sports.kz

О. Сансызбай