Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдында...

Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдында...

Бүгін Чемпиондар Лигасының екінші күніндегі кездесулер жалғасын табады. Назарларыңызға кездесу алдындағы болжамдарды ұсынамыз.

«D» тобы

«ЦСКА» (Ресей) – «Виктория Пльзень» (Чехия)

Мәскеулік команда бүгін чех клубына қарсы кездесуін Санкт-Петебургте өткізеді. «Петровский» стадионында «Зенит» жанкүйерлерді де «ЦСКА»-ға жанкүйер болатынын кеше хабарлаған болатын. Ал «Виктория Пльзень» ішкі біріншілігінде «Спартадан» кейін екінші орында келеді. Чемпиондар Лигасының алғашқы кездесуінде командаға тәжірибе мен мінез жетіспеді. Осылайша өз алаңында «Манчестер Ситиге» бас аяғы 10 минутта 3 гол соғуына мүмкіндік беріп қоған еді. Ал «ЦСКА» соңғы 4 кездесуінде гол соққан жоқ. Бұл негізгі құрамда ойнайтын бірнеше футболшының жарақат алуымен тікелей байланысты болып отыр. Өйткені, Леонид Слуцкий көбіне команданы бір құрамда шығаруға машықтанған бапкер. Енді негізгі құрам ойыншылары жарақат  алып еді, орнын басар футболшыны дәл анықтай алмай басы қатып жүргендей. Бүгінгі кездесуге қорғаушы Василий Березуцский, Думбия қатыспайтын болса, Алан Дзагоевтың да алаңға шығуы белгісіз болып отыр.

«Манчестер Сити» (Англия) – «Бавария» (Германия)

Ағылшындық ұжым мен неміс алпауыттары осыған дейін 3 рет өзара кездесу өткізген екен. Екеуі Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде болса, бір кездесу осы маусым алдындағы аралықта өткен. Топтық кезеңде екі команда да бір-бірін жеңсе, соңғы кездесуде мюнхендік ұжым «Манчестер Ситиден» 2:1 есебімен басым түскен екен.

Мануэль Пеллегрини командасы өз алаңында сауатты ойнайтын ұжымдардың санатына жатады. Мұны манчестерлік дербиде де дәлелдеді. Ал  Хосеп Гвардиола командасы оңай шағылатын жаңғақ деп ешкім айта алмайды. Сондықтан бүгін көптеген футбол мамандары кездесуде 1:1 есебі тіркелуі мүмкін деген болжамдар жасауда. Алаң иелерінің сапынан аздаған жарақат алып қалған футболшылар  Давид Сильва мен Серхио Агуэро  кездесуге қатысуы мүмкін.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

Манчестер Сити : Харт, Сабалета, Компани, Настасич, Коларов, Фернандиньо, Милнер, Туре, Насри, Агуэро, Джеко

Бавария: Нойер, Данте, Алаба, Боатенг, Рафинья, Лам, Мюллер, Швайнштайгер, Роббен, Рибери, Манджукич.

 «А» тобы


«Шахтер» (Украина) – «Манчестер Юнайтед» (Англия)

«Қызыл сойқандар» бұл маусымды жаңа бапкермен бастады. Бірақ ішкі премьер-лигада 12-ші орында келеді. Маусым алдындағы мұндай нәтижені «Манчестер Юнайтедтен» ағылшындар 20 жыл бойы байқамаған еді. Команда тізгінін ұстаған Дэвид Мойес бұл тығырықтан қалай шығар екен?

«Шахтер» ағылшындық клубтарға қарсы өз алаңында сәтті ойнайтын командалар қатарында. Көптеген футбол мамандары алаң иелерінің ағылшындық клубпен терезесі тең өнер көрсетуге қауқарлары жетеді деп бағамдауда. Сонымен қатар бұл кездесуге Рио Фердинанд (жарақатына байланысты) шыға алмайды. Ал Райан Гиггз алаңға шығатын болса, Чемпиондар Лигасының кездесулеріне ең көп қатысқан футболшы ретінде рекорд орнатады.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

Шахтер: Андрей Пятов, Александр Кучер, Вячеслав Шевчук, Ярослав Ракицкий, Томаш Хюбшман, Лукас Фернандо, Дуглас Коста, Алекс Тейшейра, Дарио Срна, Луис Адриано, Тайсон.

Манчестер Юнайтед: Давид де Хеа, Патрис Эвра, Рафаэль, Крис Смоллинг, Неманья Видич, Майкл Кэррик, Луис Антонио Валенсия, Маруан Феллайни, Синдзи Кагава, Уэйн Руни, Робин ван Перси.

«Байер» (Германия) – «Реал Сосьедад» (Испания)


«А» тобында өнер көрсететін қос ұжым да алғашқы кездесулерінде жеңіліс тапқан-ды. Ал бүгінгі кездесудегі фаворит кім? Леверкузендік команда еурокубоктарда талай жылдан бері тер төгіп келеді. Тәжірибесі де жоқ емес. Өз алаңында да есе жібере қоймайтын команда. Бундеслигада 3 сатыда келеді. Бұл Сами Хююпяя баптайтын команданың кездесудегі аз да болса басымдығы болар. Ал көптеген футбол жанкүйерлері кездесуде 2:1 немес 3:1 есебімен «Байер» жеңеді деп болжам жасауда.

«В» тобы


«Реал Мадрид» (Испания) – «Копенгаген» (Дания)

Қос командалар осыған дейін өзара ресми кездесулер өткізбеген. Деңгейлері де шамалас емес. «Реал Мадрид» сөзсіз фаворит. Ал бұл кездесуге қатысатын футболшылардың қатарында Гарет Бэйл енбепті. Букмекерлік орталықтар мен мамандар «Сантьяго Бернабеуде» өтетін кездесу 4:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешіледі деп болжам жасауда.

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

Реал Мадрид : Лопес, Карвахаль, Рамос, Пепе, Арбелоа, Модрич, Хедира, Ди Мария, Иско, Роналдо, Бензема.

Копенгаген : Виланд, Якобсен, Бенгтссон, Мелльберг, Сигурдссон,  Клаудемир, Делэйни, Боланьос, Ади, Бротен, Йоргенсен.

«Ювентус» (Италия) – «Галатасарай» (Түркия)


Италияндық команда алғашқы кездесуінде сырт алаңда «Копенгагенмен» тең түсті. Ал «Галатасарай» «корольдік клубтан» өз алаңында ойсырай жеңілді. Ішкі біріншіліктегі жағдайы да көңіл көншітерлік деңгейде емес. Соның салдарынан команда басшылығы жақында ғана бас бапкер Фатих Теримнің орнына Роберто Манчиниді шақырды. Бүгінгі кездесуде Манчинидың команда тізгінін ұстаған алғашқы кездесуі болмақ. Ал егер туриндік команда сапынан Карлос Тевес жарақатынан айығып жатса, бұрынғы бас бапкеріне қарсы кездесу өткізеді. Қонақтар қатарынан Хамит Алтынтоп футболшылар тізімінде жоқ.

«С» тобы


«Бенфика» (Португалия) – «ПСЖ» (Франция)

Қос команда да алғашқы кездесулерінде жеңіске жетті. «С» тобының фавориттері саналады. "Бенфика" мен "ПСЖ" өзара 6 кездесу өткізсе, оның 4-де лиссабондық команда жеңіске жеткен. 1 ойында «ПСЖ» , 1 кездесу тең аяқталған. Париждік команданың бас бапкері қазіргі таңда шабуылда ойнайтын команда жасақтап жүргендей. Алаңда 4-3-3 жүйесімен өнер көрсетіп келеді. Ал Жезуш 4-1-3-2 жүйелі ойынымен командасын алаңға шығарып келеді. Екі команданың да келесі кезеңге шығу мүмкіндігі мол.

«Андерлехт» (Бельгия) – «Олимпиакос» (Грекия)


Алғашқы кездесулерінде қос клуб та жеңіліс тапты. «С» тобының аутсайдерлері саналады. Бельгиялық команда бірінші кездесуінде «Бенфикадан» жеңілді.  Жанкүйерлеріне тосын сый жасай алмады. Ал «Олимпиакос» өз алаңында «ПСЖ»-мен тең ойнады. Бірақ, нәтиже тең емес. Стандартты жағдайды сәтті пайдаланатын Лоран Блан шәкірттері үш бірдей бұрыштама добын нәтижеге айналдыра білген-ді. Егер «Олимпиакос» сол олқылықтарының орнын толтырып жатса, бүгінгі кездесуде жеңіске жетуі әбден ықтимал.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com, sports.ru, sport-lx.net

О. Сансызбай