Дания Уэльсті ірі есеппен ұтты

Дания Уэльсті ірі есеппен ұтты

Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Дания Уэльсті 4:0 есебімен ұтты.  Матч "Амстердам Аренада" өтті.

Ойынды Роберт Пейдждің командасы ширақ бастады. Оның командасы даниялықтарды бірнеше рет тықсырып, қауіпті шабуылдар ұйымдастырды.

Әсіресе, команда капитаны Гарет Бэйл бірнеше мүмкіндікке ие болды.

Даниялықтар қарсы шабуылды пайдаланды. Нәтижесінде 27 минутта шабуылшы Каспер Дольберг айып алаңының сыртынан шиыра теуіп, қақпашы  Шмейхельді қапы қалдырды.

Бұдан кейін де даниялықтар бірнеше мүмкіндікке ие болғанымен, бірінде қақпашы қауіптің бетін қайтарса, бірінде оларға сәттілік жетіспеді.

Екінші таймда Дания құрамасы шабуылын үдетті. 48 минутта Уэльс құрамасының қорғаушысы Бен Дэвис қателесіп, Каспер Дольбергке айып алаңының ішінде пас берді. Дания құрамасының шабуылшысы мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, дубль авторы атанды.

Екінші тайм толығымен даниялықтардың үстемдігінде өтті. Олар ұдай қарсылас қақпасынан саңылау табуға тырысты. Бірде даниялықтар мүлт кетсе, бірінде қақпа бағанасы уэльстіктерді құтқарды. Бірақ 88 минутта кезекті шабуыл кезінде қорғаушы Йоаким Мехле командаласы асырған тамаша пасты голға айналдырды. Ал, 90 минутта Уэльс қорғаушысы Харри Уилсон қызыл алып алаңнан қуылды. 90+3 минутта дат шабуылшысы Мартин Брейтуэйт гол соғып ойын нүктесін қойды.

Т. Раушанұлы