Бүгін 1/8 финалдағы ойындар басталады

Бүгін 1/8 финалдағы ойындар басталады
Фото: goalmirror

Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалы ойындары басталады. Футбол жанкүйерлері бүгін Уэльс – Дания, Италия – Австрия арасындағы матчтарды көре алады. Сондай-ақ "Массагет" порталының Huawei Device Қазақстан компаниясы қолдауымен бастаған "Болжамдар бәйгесі" жалғасады.

Уэльс – Дания

Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Дания Уэльске қарсы ойнайды. Матч 26 маусымда Амстердамда, Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады. Ойынды отандастарымыз Qazaqstan арнасынан тамашалай алады.

Уэльс

Уэльс кәрі құрлықтың басты додасына осымен екінші рет жолдама алды. Бірінші турда Уэльс Швейцария құрамасымен тең ойнады (1:1). Бұл ойында Роб Пейдждің командасына сәттілік серік болды, әйтпесе қарсылас олардан әлдеқайда жақсы ойнады.

Екінші айналымда Уэльс Түркияны сенімді түрде (2:0) ұтты. Жауапсыз соғылған екі голға да нәтижелі пасты Бэйл беріп, осы матчтың үздік ойыншысы атанды.

Топтық кезеңнің соңғы турында Уэльс Италиядан 0:1 есебімен ұтылды. Италия құрамасы ойынды ширақ бастады. Команданың шабуылшысы Чиро Иммобиле бірнеше гол соғу мүмкіндігін пайдалана алмады. Стандартты жағдайды тиімді пайдаланған Маттео Пессина 39 минутта есепті ашты.

Екінші таймда италиялықтар да уэльстіктер де бірнеше рет гол соғатын сәтті мүлт жіберді. Ойынның 55 минутында Уэльс құрамасының қорғаушысы дөрекі ойнап қызыл қағаз алды.

Осылайша Уэльс құрамасы топтан екінші орынмен шықты.

Дания

Дания құрамасы үшін топтық кезеңнің шытырман оқиғалы һәм әсерлі болғаны соншалық, жақын арада Netflix немесе Amazon олар туралы фильм түсірсе таң қалмаңыз.

Даниялықтардың плей-оффқа шыққанының өзі ғажап. Эриксен оқиғасы мен Финландиядан 1:0 есебімен ұтылғаннан соң даниялықтарды ешкім келесі кезеңге өтеді деп ойлаған жоқ. Есеңгіреген одар Бельгиядан да жеңіліп қалды.

Бірақ, Каспер Хьюлманд командасы Ресейді жеңіп (4:1), топта екінші орын алды. Енді Симон Кьер бастаған құраманы ешкім тоқтата алмайтын сияқты. Олар кездескелі отырған Уэльсті Шотландиямен салыстыруға болады. Райан Гиггз командасыынң ойын мәнері қарапайым. Бірақ бұл командада даниялықтарға қауіп төндіретін Гарет Бэйл мен Аарон Рэмси бар екенін ұмытпау керек.

 Италия – Австрия

Италия құрамасы Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Австрия құрамасымен ойнайды. Матч 27 маусымда Лондондағы "Уэмбли" стадионында, Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады. Ойынды отандастарымыз QazSport арнасынан тамашалай алады.

Италия

Италия құрамасы – Еуроның қазіргі басты жаңалығы. Италия құрамасы Еуро-2020-да осындай шебер ойын өрнегін көрсетеді деп ешкім ойламады. Топтық кезеңде "Скуадра Адзурра" үш рет сенімді жеңіске жетті.

Бірінші турда Роберто Манчинидің командасы Түркия (3:0) ойсырата ұтты. Екінші кездесуде де  Швейцарияға жауапсыз үш гол соқты. Соңғы турда италяндар Уэльс құрамасымен салқынқанды ойнап, 1:0 есебімен ұтты.

Италия құрамасының күші, ең алдымен, командалық ойында және Манчинидің өте сауатты шешімдерінде екені футбол жанкүйерлеріне аян.

Австрия

Ал Австрия өз тобыннан екінші орынмен шықты. Бұл өте жақсы жетістік. Австриялықтар турнирді Солтүстік Македонияны 3:1 есебімен жеңумен бастады. Содан кейін Нидерландтан (0: 2) жеңіліп қалды. Ал, Франко Фода командасы Украинаны 1:0 есебімен жеңді.

Осылай Австрия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты.

Бұл ойында Австрияға қиын болары анық. Себебі, Италияның бұған дейінгі он матчта бірде-бір гол жібермеген. Мұндай ұзақ серия туралы сөз болғанда, қарсыластардың кім болғаны маңызды емес. Италияның қорғанысы осы турнирдегі ең мықты қорғаныс. Сондықтан Франко Фода бұл ойынға ерекше тактиамен келмесе Джанлуиджи Доннарумма қақпасынан саңылау таба алмайды.

Айта кетейік, Еуропа чемпионатына орай сайтымыздың "Болжамдар бәйгесі" жалғасады. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққан жеңімпаз Huawei Device Қазақстан компаниясы ұсынған Huawei P Smart 2021 смартфонымен марапатталады. Технологиялық смартфон батареясының қуаты 5000 мА-сағат және 22.5 Вт жылдам қуаттау функциясы бар. 

Жүлдегер атанған өзге де қатысушылар сыйлықтан құр қалмайды. Белсенді шуды болдырмайтын Huawei FreeBuds 4i сымсыз құлаққабы мен Huawei Band 6 FullView дисплейімен жасақталған, қуаты 2 аптаға жететін, SPO2 тұрақты бақылауы бар фитнес-браслет Сіздерді күтетін болады.

4-5 орын алған қатысушылар сайт атынан естелік сыйлықтарға ие болады.

"Болжамдар бәйгесіне" қатысу үшін сайтқа тіркеліп, болжам ретінде пікір қалдырсаңыз болғаны. Қатысу мен ережелеріне қатысты сұрақтар осы сілтемеде. Сәттілік тілейміз!

Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі

Т. Раушанұлы