Швеция мен Испания плей-оффқа шықты

Швеция мен Испания плей-оффқа шықты

Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі "Е" тобындағы ойындар аяқталды. Бұл топтан Швеция мен Испания қарсыластарынан басым түсіп, плей-оффқа шықты.

Словакия – Испания

Испания құрамасы жанкүйерлер көптен күткен ойын өрнегін көрсетті. Олар Словакияны 5:0 есебімен ұтты.

Луис Энрике командасы алғашқы минуттан-ақ ойынды ширақ бастады. Құрама шабуылшысы Алваро Мората бірнеше мүмкіндікке ие болды. Соның бірі пенальтиден гол соға алмады. Ойынның 30 минутында қақпа маңдайшасына тиіп әуелеген допты, Моратаның пенальтиін қайтарған қақпашы Мартин Дубравка өз қақпасына гол соғып алды.

Испандар мұнымен де тоқтап қалмай бірнеше рет Мартиннің шеберлігін сынап көрді. Бірінші тайм аяғында (45+3) қорғаушы Эмерик Ляпорт құрамаға бекерге келмегенін дәлелдеп Моратаның әуеден асырған пасын, қақпаға баспен соқты.

Екінші таймда да испандар алаңда өз үстемдігін көрсетті. Ойынның 50 минутында Пабло Сарабия есепті еселеді. Ал, "Манчестер Сити" ойыншысы Ферран Торес алаңға шыға салып, 67 минутта есепті 4:0-ге жеткізді. Ойынның 71 минутында Словакия жартылай қорғаушысы Юрай Куцка өз қақпасына гол соқты. Осымен биыл Еуро-2020-да 8 автогол (әзірге) соғылып рекорд жаңартылды.

Испания топтан екінші орынмен шықты.

Швеция – Польша

Швеция – Польша арасындағы ойын өте тартысты өтті. Небәрі 2 мнутта шевециялық жартылай қорғаушы Эмиль Форсберг есепті ашты.

Бұдан кейін екі команда да бір-біріне қауіпті шабуылдарымен ерекшеленді. Ойынның 59 минутында Эмиль Форсберг есепті еселеп, дубль авторы атанды.

Ал, 61 минутта Польша капитаны Роберт Левандовский қарсы шабуылды пайдаланып, екі қарсыластың арасынан қиғаштай теуіп есепті қысқартты. 84 минутта тағыда Роберт Левандовский командаласы асырған пасты, голға айналдырып, есепті теңестірді. Бірақ Швеция командасы 90+3 минутта гол соғып, плей-оффқа шығуға лайық құрама екенін дәлелдеді. Жеңіс голының авторы Виктор Клаэссон болды.

Швеция плей-оффқа бірінші орынмен шықты.

Т. Раушанұлы